ЖАЛАҒАШТА ТОҚСАН ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР МЕШІТ ЖӨНДЕЛУДЕ
ҚР Конституция күні қарсаңында облыс әкімі Қ.Көшербаев Жалағаш ауданындағы Еңбек, Таң ауылдарын аралап, ондағы атқарылып жатқан ауқымды жұмыстармен танысты.
Биыл «Жұмыспен қамту - 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде М.Байділдаев атындағы №232 орта мектеп ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мектеп 1974 жылы салынған, ал жобалық қуаты 480 орындық. Бала саны - 303. Бірінші сыныпқа қабылданатын бала саны 36 болса, мұғалім саны 56-ны құрайды.
Таң ауылындағы Әбжәли ишан мешіті 1923 жылы асар әдісімен салынған. 1924-1927 жылға дейін ауыл балалары Әбжәли ишаннан мешітте діни дәріс алған. Әбжәли ишан мешітінің ұзындығы - 13, ені - 10, биіктігі - 6,5 метр болса, екі мұнараның биіктігі 15 метрді құрайды. Жалпы сыйымдылығы - 50 адам. «Таң ЛТД» ЖШС демеушілігімен Әбжәли ишан мешітіне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы құны - 11 млн. теңге.
Мұнан соң облыс әкімі Қ.Көшербаев «Таң ЛТД» ЖШС қырманы ауласында ауыл тұрғындарымен кездесіп, мақсары өнімін тазалау жұмыстарымен танысты. Айта кетейік, ауылшаруашылық өнімдерін әртараптандыру мақсатында аймағымызда мал азықтық, май, көкөніс дақылдарының егін алқаптары ұлғайтылып, тамшылатып суару тәрізді озық технологиялар еңгізілуде.