Ауданға қарасты Сексеуіл кентінде 2010 жылдың мамыр айынан өз жұмысын бастаған «Жәния» жеке балабақшасы күні кеше жаңа нысанға көшті.
Бұл Сексеуіл кентінде биылдың өзінде ашылған екінші балабақша болып отыр. Балабақша құрылтайшысы – жеке кәсіпкер Келесова Алтынгүлдің айтуынша жаңа нысан 75 бала қабылдауға лайықталып салынған. Айта кету керек, балалар бақшасы соңғы үлгідегі талаптарға сай етіп тұрғызылып, арнайы бейне бақылау құрылғыларымен жасақталған. Жап-жаңа ғимаратта жас айырмашылығы бар 3 топта жиырма баладан тәрбиеленуде. Олардың жатын орындары мен тәрбиеленетін бөлмелері қажетті құрылғылармен жабдықталған. Мұнан бөлек музыка және спорт залдары, медициналық қызмет көрсету бөлмелері бар. Тамақтану және кір жуатын бөлмелерге уақыт талабына сай қондырғылар орнатылған.