ҚАРМАҚШЫ ДА КӘСІПКЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ КӨШПЕЛІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Қармақшы ауданының орталығы –Жосалы кентінде облыс әкімінің жанындағы кәсіпкерлік Кеңесінің, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының және облыстық мәслихат жанындағы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тұрақты комиссияның бірлескен көшпелі отырысы өтті.
Жиынды ашқан Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Елбасының барлық деңгейдегі әкімдерге салық базасын ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын құру және қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыруды тапсырғандығын атап өтті. Бұл міндеттерді тек қана шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы жүзеге асыруға болады.
- Біз көшпелі отырысты Жосалыда өткізіп отырмыз. Өйткені Қармақшы және Жалағаш аудандарында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жұмыстарын күшейту керек. Аймақтың барлық аудандарында индустриалды аумақтар құрылып, инженерлік инфрақұрылым жұмыстары жүргізілді. Енді олар босқа тұрмауы қажет,- деді облыс әкімі.
Аймақтың инвестициялық әлеуеті кәсіпкерлікті табысты дамытуға мүмкіндік береді. Мысалы, бүгінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізімен тәулігіне 5 мыңнан астам автокөлік өтеді. Оның 800-ден астамы – жүк көліктері. 2020 жылға қарай жүк тасымалдау көлемі 2,5 есеге дейін ұлғаяды. Бұл – аймақтағы кіріс көзін арттыруға үлкен мүмкіндік,- деді Қырымбек Көшербаев. Бұдан бөлек, Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының төртінші отырысында Байқоңырдағы 14 нысанды Қызылорда облысының коммуналдық меншігіне беру туралы шешім қабылданды. Бұл нысандардың ішінен (дүкендер, ателье, тұрғын үйлер және т.б. ) бизнес кәсіпорындар ашу керек,- деп санайды аймақ басшысы.
Жиын барысында Қармақшы және Жалағаш аудандарының әкімдері, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұржан Өмірсерікұлы және Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі атқарылған шаралар туралы баяндады.
Көшпелі отырысты қорытындылаған облыс әкімі Қ.Көшербаев жауапты тұлғаларға жыл соңына дейін облыстағы индустриалды-инновациялық жобалар мен шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту туралы ұсыныс беруді тапсырды.