ТҰРМЫСЫ ТӨМЕН ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАРДЫҢ САНЫ ОН ЕСЕГЕ АЗАЙДЫ
Тәуелсіздік жылдарында тұрмысы төмен қызылордалықтардың саны он есеге дейін азайды. Бұл туралы Қызылорда облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетова мәлімдеді.
Шынында да, егемендік алғанға дейін ешкімге белгісіз болып, дамудан шеткері қалған Қазақстан Тәуелсіздік жылдары күрделі кезеңдерді артқа тастап, 25 жылда дамыған 30 елдің қатарына кіруді мақсат тұтқан мемлекетке айналды. Қазір қол жеткен жетістіктерімізді екшесек, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын кезеңдер тарихи оқиға болып қалды.
- Сол кезде өндіріс орындары тоқтап, жаппай жұмыссыздық белең алды. Жұмысқа жарамды ересектер екі қолға бір күрек таппай теңселіп, балалар мен жастар өз бетінше қалды. Жалақы, зейнетақы, әлеуметтік төлемдер алдындағы қордаланған қарыздар қалыпты жағдайға айналды. Инфляция екі жарым мың пайызға жетті. Электр желісі, жылу мен су жүйесінің тоқтап қалуы үйреншікті құбылыс болды. Дүкен сөрелері бос тұрды. Сол тұста көптеген отбасылардың күнкөріс деңгейлері төмендеп кетті,- деді Құлымбетова.
Басқарма мәліметіне сүйенсек, 1997 жылы Қызылорда облысында 174 мың аз қамтылған отбасы тіркелген. Бүгінде бұл көрсеткіш 10 мыңнан сәл асады. Яғни, 25 жылда 10 есеге дейін азайды. Жұмыссыздардың саны 15,2%-дан 5%-ға дейін төмендесе, жұмыссыз жастардың үлесі 25,1%-дан 4,6%-ға дейін азайды.