Қызылорда облысы көлемінде әлеуметтік нысандағы жылыжайларға озық технология ендіруге бағытталған жоба жұмыстары бастау алды.
Бұл туралы бүгін Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз-конференциясында жоба жетекшілері хабарлады.
Аталмыш жоба БҰҰ ДБ және SAMSUNG компаниясы арасында 2015 жылы жүзеге асырылған «Nanum Village: Ауызсуды қорғаймыз» бірлескен жобасының жалғасы болып табылады. Өткен жылы бұл жоба аясында 150 тұрғын үй шаруашылығы мен 19 әлеуметтік нысан өз учаскелерінде тамшылатып суару технологияларын сәтті пайдалануда.
Әлеуметтік нысандар аумағында 5 энерготиімді жылыжай құрылғысы құрастырылатын бұл жоба - балаларды, оған қоса оңалтудан өтіп жатқан мүгедек жандарды дәруменді тамақтармен қамтамасыз етуге және оқушылардың жаратылыстану ғылымдары бойынша мықты тәжірибелік білім негіздерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Малика Қоянбаева, Қазақстандағы БҰҰ ДБ-ның жобалар бойынша үйлестірушісі: – Мәселе, жылыжайдың пайдалы өнімдерді алу және қосымша табыс табу мүмкіндіктері арқылы азаматтарға игілікті іс көрсету ғана емес, оған қоса жылыжайдың оқу орындары мен балабақшаларда тәжірибелік білім беруге ықпалы зор. Балалар өсімдік көшетін өз қолымен егіп, оның өсу процесіндегі моторикаларының жетілуі әсерінен ми қызметін ынталандырады. Бұл шаралардың мүгедек жандарды оңалту үшін де үлкен маңызы бар.
Айта кетерлігі, БҰҰ ДБ-ның энерготиімді және су үнемдеу технологияларын облысқа ендіру тәжірибесі бар. Әсіресе, жергілікті өзін-өзі басқару қызметін жетілдіру мақсатында 2014 жылы Қызылорда облысының 6 ауданында энерготиімді жабыны бар жылыжай салынды.