Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Әскерге келіп, жындыханадан бір-ақ шықты

Әскерге келіп, жындыханадан бір-ақ шықтыОсыдан 11 ай бұрын Қызылорда облысынан Павлодардағы әскери бөлімге Отан алдындағы борышын өтеуге келген жігіт психоневрологиялық диспансерден бір-ақ шықты. Бұл жайында Pavlodarnews.kz мәлім етті. 
Өткен айдың соңында қатардағы жауынгердің қызуы көтеріліп, өзін жайсыз сезінген. Әскери бөлім дәрігерлері тұмаудың белгілерін байқап, оны облыстық инфекциялық ауруханаға жеткізеді. Инфекциялық аурухана қызметкерлерінің айтуынша, науқас оғаш қимылдар көрсете бастаған. Өз-өзімен сөйлесіп, мазасызданып, түкірік шашыпты. Бұдан секем алған дәрігерлер сарбазды жедел түрде психоневрологиялық диспансерге жеткізген. Қарашаның бірінен бастап ол осы ауруханада тексерістен өтуде.  Облыстық психоневрологиялық диспансердің бас дәрігері Қахан Иманбековтің мәлімдеуінше, қазіргі кезде сарбаздың не себепті психологиялық ауытқуға душар болғанын дөп басып айту қиын. Алдын ала болжамдар бойынша, бұл - вирустық инфекция салдарынан туындаған сырқат.  - Мәселенің анық-қанығына жетпейінше, түпкілікті мәлімдеме жасай алмаймыз. Өміріне қатысты кейбір деректер жадында сақталмаған. Сонымен қатар тынышсызданып, қабырғаға қарап сөйлеп, бір нәрседен сескенуін қояр емес. Қазіргі таңда оның жағдайы жақсарып келеді. Бізге түскенге дейінгі ахуалы тым нашар еді. Оның қанша уақыттан кейін айығатыны, жалпы психикалық жағдайының бұрынғы қалпына қайта келер-келмесі белгісіз. Тексерулер аяқталған соң нақты ем-дом көрсетіп, қолымыздан келгенше көмектесеміз, - деді Қахан Орынбекұлы.  Ал әскери бөлім қызметкерлері қатардағы жауынгер тарапынан осы уақытқа дейін ешқандай оғаш қылық байқалмағанын айтады. Керісінше, азаматтық борышын адал атқарып, әскери тәртіпті бұлжытпай орындап келген. Үлгі боларлық сарбаздың аурухана төсегінде әлі қанша уақыт жатары беймәлім. 
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: