Астанада төртем дүниеге келді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл жайлы сәбилердің әкесі Асхат Спанов хабарлады.
Екі қыз бен екі ұл 2016 жылдың 2 желтоқсанында дүниеге келді. Сәбилердің ата-анасы оларға Арсен, Әлихан, Диара және Аделя есімдерін қойды.
"Біз сәбилеріміздің дүниеге келуін ұзақ күттік. Әзірше олар анасымен бірге перинаталдық орталықта жатыр. Жағдайлары жақсы. Бірақ біраз уақыт ауруханада болады. Олар онда дәрумен қабылдап, дәрігерлердің бақылауында жатыр. Дәрігерлер оларға жақсы қарап жатыр", - деді төртемнің әкесі Асхат Спанов.
Сондай-ақ, 38 жастағы ер адам сәбилерін екі рет көріп үлгергенін айтты. "Шынымды айтсам, перинаталдық орталықта барлығы залалсыздандырылған. Сондықтан да мен оларды үйде күтейін, күш жинап келсін", - деді сәбилердің әкесі.
Айта кетейік, отағасы - Қарағанды қаласының тумасы, шекара қызметінде жұмыс істейді. Ал әйелі Салтанат жеке компанияда жұмыс істейді. Астанаға осыдан бес жыл бұрын келген екен.