Осыдан біраз уақыт бұрын Кентал деген әнші «Бірлік болсын әлемде, бірлік болсын елімізде, Аман болсын халқым, халқым» деп үш ауыз сөзден тұратын әнге клип түсіргенде Отанға деген сүйіспеншілікті осылай да жеткізуге болады-екен-ау деп таңқалған едік. Ал бүгін әлеуметтік желілелерді аралап жүрген, қоғамдық көліктерде айғайлап қосылып тұратын «Қамажай» деген әнге түсірілген клипті көріп «неткен шедевр» деп таңғалып отырмын.
«Қамажай» дегенге ұлттық киім киіп алып мың бұрала билеп жүрген қыздар екен деп ойлап қалмаңыз. «Қамажайды» басқаша қабылдайтындар да бар. Айталық, өздерін ЖАн Асель feat МАра БАСт & АлМАз Ақылбек деп таныстырған топ мынандай клип түсіріпті.
Үндінің стилінде киінген тәтеміз: «Қазақ елім бар, Дархан жерім бар, Өшпес тілім бар, ана тілім балдай. Оттай лаулаған, құстай сайраған, жасай бер тілім, жасай бер, жасай бер» деп әнге қосып, биді де «қатырып» жіберіпті. «Айхай, қамажай, отырмасын ешкім жай» деп жұртты билетуде жан салмайтынын тәтеміз бен екі жігіттің осы клиптерін қандай мақсатта түсіргені өздеріне мәлім шығар. Бірақ әлеуметтік желілерде бұл клипті көргендер «мұндайды көргенше көзім соқыр, құлағым саңырау болып қалғаны жақсы еді» деген секілді пікір жазып жатыр. Қысқасы, қазақ шоу-бизнесіне «өзіндік үлес қосқан» бұл клипті көргеннен кейін, Кенталмен жылап көрісетін болдық-ау деп ойлап отырмын. Сіз не дейсіз?