Қазалы ауданындағы Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев, Жалпақ ауылдары көп жылдан бері өзеннің үстіндегі қалқымалы көпірді пайдаланып келеді.
Алайда дария бетіне мұз қатқан сәтте өткел алынады да, арадағы барыс-келіс тіпті күрделене түседі. Осы күрмеулі мәселе биыл түбегейлі шешімін тауып, «Әлсейіт» өткелі салынады. Жаңа көпір құрылысын бастауға республикалық және облыстық бюджеттен 550,0 млн. теңге бөлініп отыр. Бұл туралы аудан әкімі Нажмадин Шамұратов Майдакөл ауылдық округінде өткен есепті кездесуінде мәлімдеді. Есепті жиынға облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Бахыт Жаханов қатысты.
Округ бойынша 52 кәсіпкер тіркеліп, жұмыс жасауда. Олардың 25-і шаруа қожалығы, 27-і жеке кәсіпкерлер. Сонымен бірге, 1 ауылшаруашылығы кооперативі құрылды.
Өткен жылы «Рза - Агро» ЖШС мен «Аймаханов» шаруа қожалығы тарапынан 560 га күріш егіліп, одан орта есеппен 51,0 центнер өнім алынды. 200 га көне жоңышқа мен 150 га жаңа жоңышқа егіліп, күтімге алынды.