Жедел басқару орталығының инспекторы бейнебақылау камерасының көмегімен барлау жұмыстарын жүргізу кезінде Қорқыт ата-Торайғыров көшелері қиылысында «Тойота Камри» маркалы автокөлігінің ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 606-бабын бұзғаны байқалды.
Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабаралуынша, жол жүрісіне қатысушының жол жүрісі қағидаларын авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан құқық бұзушылық жасағанын байқайды. Жедел түрде Жол-патрульдік полиция батальоны қызметкерлеріне хабар береді. Полиция қызметкерлері аталған автокөлікті тоқтатуға тырысқанда, 30 жастағы қала тұрғыны билік өкілінің заңды талабына бағынбай, қатты жылдамдықпен жүріп кетеді. Нәтижесінде Жүргенов көшесі бойында тоқтап, бағынбаушылық білдіріп, полиция қызметкерінің алқымынан алып, басынан ұрады. Бұл әрекетімен тоқтамай, қызметтік міндеттерін жүзеге асыруға кедергі келтіріп, кеудесіндегі бейнежетонын сындырып, бірінің сол иығындағы погонын жұлып тастайды.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы 1-бөлігі, яғни Билік өкіліне қатысты күш қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Ішкі істер органы қызметкерлерінің жұмысында құқық бұзушылық әрекеттерінің алдын алып, заң бұзушыларды құрықтау кезінде түрлі оқыс оқиғалар орын алып отырады. Бұл жағдайларда полиция қызметкерлерінің талабы заңды болып табылады және оны орындау әрі талабына бағыну – әрбір азамат үшін ең дұрыс шешім болуы тиіс.