Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Елді көшірген екі ауыз сөздің сыры қандай?

Биыл 2-курс студенттеріне «халық ауыз әдебиеті» пәнінен сабақ бердім. Жастардың пікірін тыңдап, ұлттық мұрамызды қорғауға деген ықыласын көріп риза болдым. Сондай ынталы жастармен бірге ел аузында жүрген кейбір әңгімелерді талдадық. Солардың бірі – молда Қисықтың сөзі еді.
Ойлаңызшы, Сырдың бойында өмір сүрген бір кісі екі ауыз сөзімен елді көшіріп жібереді. Ел болғанда да, қатардағы жәй адамды емес, әйгілі Кенесары ханның сардары Бұқарбай батырды. Жәй көшірмейді, кешірім сұратып, ат-шапан айыбын төлеттіреді. Бұл мүмкін бе өзі? Ол не қылған сөз? Қысқасы, сабақ барысында студенттерге сол әңгімені баяндап бердім де, елді көшіріп жіберген екі ауыз сөздің мағынасын түсіндіруді тапсырдым. Ойлануға 1-2 апта уақыт бердім.
Бұрын бұл әңгімені белгілі жыршы Almas Nurmakhanuly Almat ағамыздан естіген едім. Оның ұзын-ырғасы былай.
***
Әйгілі Кенесары ханның сардарының бірі – Бұқарбай батыр бір күні Арқадан көшіп келе жатып, Сырдың бойынада бір құдықтың басына тоқтайды. Шөлін қандырып болып қараса, ол жердің шөбі шүйгін, суы тұнық, ауасы жанға жайлы екенін байқайды. Сосын күз мезгілін сонда өткізуді ойлап қоныстанған екен. Дәл сол сәтте құдықтың иесі де түйелеріне жүгін артып, әулетін бастап, көшіп келе жатса керек. Жеттім бе дегенде жеріне басқа біреудің қоныстанғанын көреді. Дереу көшті тоқтатады. Қоныстанған Бұқарбай екенін де біледі. Ойланады, үстіне тікелей барса, жанжал шыға ма деп қауіптенеді. Қазақта даудың көбі жері шұрайлы, шөбі құнарлы, суы мол жерге таластан шығады емес пе?! Әліптің артын баққан құдықтың иесі сол маңайға аты мәлім Қисық деген молдаға қарай төрелігін сұрамаққа бет бұрады. Барғасын сәлемдесе келе:
– Е, молдеке, Бұқарбайды батыр қылса, Құдай қылды. Мені байлықтан кедей қылса, Құдай қылды. Жеті атамнан бері пайдаланып келе жатқан құдығымыз еді. Бұқарбай келіп, қонып алыпты. Үстіне бара алмай тұрмын. Маған өзімнің күздеуімді, құдығымды алып бер, – дейді. Сонда молда Қисық:
– А, шырағым, деміңді бас, сусыныңды іш, – деп сабырға шақырады да, тілдей ғана қағазға бірдеңе жазып, оны шиыршықтап:
– Батырға барып сәлем бер, мынаны молда Қисық беріп жіберді деп сәлем айтарсың, – дейді. Ол шауып ала жөнеледі. Барса алдынан Бұқарбайдың жігіттері шығады. Оларға:
– Батырға сәлем бере келдім, молда Қисық жіберді, – дейді. Молда Қисықтың атын естігесін, ол арнайы жіберді деген хабарды естіген батыр да оны жылы қабылдайды.
– Ассалаумағалейкум, – деп сәлем бере кіреді. Бұқарбай:
– Уағалейкум ассалам, – дейді.
– Мынаны молдекең беріп жіберді, – деп шиыршықталған қағазды ұсынады. Бұқарбай ашып кеп қалса, хатта былай деп жазылыпты:
«Бұқарбай батырға!
Текті адам тек жүреді,
Текелі киік жөн жүреді». Молда Қисық.
Мұны оқыған батыр:
– Қап, болмаған екен, болмаған екен, – дейді басын шайқай береді. Сосын: – Айыбыма қарақасқа ат, күміс ер тоқымымен және мынау шапаным, айналайын. Ағаңды кеш, бір білместік кетті, – деп кешірім сұрап, ат-шапан айыбын төлейді. Содан соң батыр ауылының жігіттері лезде жиналып ол жерден көшіп кетеді.
Осы жерде студенттерден сұраймын ғой сол, баяғы. Бұл сөздің астарында не айтылған? Осы екі жолдан Бұқарбай батыр біреудің құдығын заңсыз иемденіп отырғанын қалай түсінді? Оған айып төлеткен, отырған орнынан көшірген қай сөз? Бізге салса, «не айтқың келіп тұр, айтар болсаң, тақпақтамай айт!» дейтін шығармыз-ау, ә?!
Сабақта студенттер 1-2 апта ойланып, әртүрлі жауап айтты. Көбісі жобалады алайда, көп кісінің ол құдықтың біреудікі екенін, көшу керек екенін түсіндіріп тұрған сөзді тап басып айтуы қиын. Меніңше, бұл біздің көшпелі мәдениеттен, табиғаттан алыстағанымыздың салдары секілді. Енді осыған қатысты өз нұсқамды айтайын, бір байқап көрсеңіз.
Әлгі сөзге қарағанда, молда Қисық Бұқарбайға өте қатты айтқан. «Текті адам тек жүреді» деген алғашқы қатарында текті адамға тән белгіні сипаттайды. Бұл көзі қарақты кісіге түсінікті деп ойлаймын. Сонда молда Қисық бұл сөз арқылы «сен, текті деген санатқа жатасың ба?» дегендей, оның жауапкершілігін батырдың өзіне қалдырады. Астарында «егер текті атаның ұрпағы болсаң, біреуге тізеңді батырмай, қиянат қылмай, тек жүрмейсің бе?» деген мәселе жатыр емес пе?!
Ал, екінші қатары ше? Жәй ұйқас үшін айтыла салғандай көрінеді. Бірақ, кісіні тірідей жерге кіргізіп жіберетін сөз осы, біле білген адамға. Мұның астарын ұғу үшін осы жерде көшпелі өмір сүрген қазақ танымына, дала заңына, табиғат заңына үңілу керек болады.
Мысалы, киік деген баябан, шөл далада өмір сүретін жануар ғой. Олар топтасып, табын болып жүреді. Сусыз, қу медиенде жүрген соң олардың су ішу әдебі әбден қалыптасқан. Алдынан шыға келген суатқа бірден бас қоя салмайды. Сақтық үшін әуелі алыстан барлайды, жақындап келіп, қайта алыстап кетеді. Осыны бірнеше мәрте қайталап жүріп, суға әрең келеді. Мұндайда лақтары асығыстық қылып, суға жүгіремін деп жем болып жатады. Осынша сақтықпен келген олар шөл қандырып болғасын жылқы немесе сиыр секілді басына жатып алмайды. Егер олай болса, өміріне қауіпті деген сөз. Оның алдын алу – топ бастаған текелердің міндеті. Егер текесіз, басқаша айтқанда басшысыз лақтар болса, суаттың басында жем болуы мүмкін. Мұны бір деңіз.
Екінші, киіктің табиғатына тән «теке тырнақ» деген дүние бар. Киіктер матауға яғни, үйірге түсуге дайындалған кезде қауіпсіз бір жерді тұяғымен тырнап, белгілеп кетеді екен. Ол жерді теке ешқашан ұмытпайды. Матау сол жерде жүреді. Мұның қызығы, бір текенің «теке тырнағына» басқа теке келмейді. Киіктің жаратылысына тән бұл қасиетті дала қазағы білуге тиіс.
Молда Қисық киікке тән осы жағдайды меңзеп отырса керек. Сондықтан, Бұқарбайдың қол бастайтын батырлығын, көш бастайтын кемелдігін есіне салады. Әлгі екінші қатардың астарында «Буыны қатпаған лақ емессің. Елді бастап келе жатқан теке болсаң, жөніңмен жүрмейсің бе? Біреудің «теке тырнағында» нең бар?» деген сұрақтар жатыр емес пе?! Сондықтан, бұл сөз батырдың жон арқасынан осып жібергендей әсер еткен сыңайлы. Дереу айып төлетіп, көшіріп жіберді.
Елді көшірген екі ауыз сөздің астарын мен осылай деп топшыладым. Өзіме қызық болғасын әрі сабақта қаузаған тақырыбым болған соң білгенімді бөлісіп жатқаным ғой.
Пы.Сы. Киік туралы әңгіме болғанда 365 күнінің көп бөлігін елсіз далада өткізетін археолог ғалым Әзілхан Тәжекеев бауырыммен сөйлесіп тұрамын.
Бекарыс НҰРИМАН
PhD доктор
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: