Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

«Дәмді» өніміне сұраныс зор

Бүгінде шағын кәсіпке бет бұрған қыз-келіншектер қатары артып келеді. Сан саланы игеріп, бейімделген олар от басы, ошақ қасынан алыстамай шаруаның көзін тапқан.  Табысын еселеп, өзгені де тұрақты жұмыспен қамтуда. Солардың бірі – қала тұрғыны Қарлығаш Матығұлова.
Ол «Дәмді» полуфабрикат  желісін ашқан. Үй өнімдері сұранысқа ие болғандықтан, ісі жандануда. Өнімдері қаладан өзге аудан орталықтарына да тасымалданады.
– Қазір  екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер көп. Талаптанбай іс болмас. Тәуекелге бел будым. Негізі мамандығым – тарихшы. Мектепте біраз жыл жұмыс істедім. Тұрмысқа шыққаннан кейін бала күтіміне байланысты үйде отырып қалдым. Көпбалалы ана атандым. Бала көбейген сайын қажеттілігі артатыны түсінікті ғой. Қолдан тұшпара түйіп, көрші-қолаңға өткіздім. Тамақты дәмді да­йындайтын едім. Сұраныс арта бастады. Қосымша бір адамды жұмысқа алдым. Тұтынушының талабына сай үй өнімдерінің санын еселей түстім, – дейді ол.
Қарлығаштың шаруасы берекелі бола бастағанда жолдасы мен анасы да қолдау білдірді. Есік алдындағы гаражды шағын дүкенге айналдырды. Ішін жабдықтап, құрал-саймандарын түгендеді. Кәсіпкер болуға түбегейлі бекініп, «Бастау-Бизнес» жобасы аясында білімін жетілдірді. Сертификат иемденді. Жобасы қолдау тауып, қайтарымсыз 550 мың теңге грант жеңіп алды.  Қаражатына 4 тоңазытқыш алып,  тапсырыс аясын кеңейтті. 
Қазір шағын цех үздіксіз жұмыс істейді. Қолдан бөрек, котлет, манты, тефтели, тұшпара сынды үй тағамының 15 түрін жасайды. Күніне әр өнімді 10 келіден дайындайды. Етті мал бордақылайтын кәсіпкер жеткізіп береді. 28 жастағы келіншек  4 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Аспаздар үшін де барлық жағдай жасалған. Айлығы да уақытылы төленеді. 
–  Бүгінде ақпараттың, техниканың дамыған заманы. Бұл – кәсіп бастағандарға да үлкен көмек. Мәселен, өніміңді саудалау үшін әлеуметтік желінің тиімділігі зор. Осы мақсатта SMM, маркетолог мамандығын қосымша оқыдым. Желі арқылы да тапсырыс көп қабылданады. «Instagram» парақ­шамда 57 мыңнан аса оқырман бар.   Аудандардан да жиі тапсырыс түседі, – дейді ол.
Үйде дайындалған өнім болғандықтан, бағасы да көңілге қонымды. Мәселен, тұшпара, манты, котлет, тефтели 1900 теңге болса, бөрек 1000, самса 1800, таба нан 150 теңгеден саудаланады. Сонымен қатар Қарлығаш есік алдындағы бау-бақша өнімін де пайдаға асырып отыр. Көкөніс пен жеміс-жидектен компот, салаттар мен тосап жасап, дүкен сөресіне қойған. Табиғи өнім, дәрумені мол, құнарлы болғандықтан өтімді. Кәсібін одан әрі дамыту үшін  бірнеше жоспар құрыпты. Қаладан үлкен дүкен ашуды көздейді. Аудан орталықтарынан да сауда желісін ашып, кәсіпті үйренуге ниетті қыз-келіншектерге білген-түйгенін үйретуге дайын.
– Шүкір, адал еңбектің арқасында кәсібім дамуда. Айына шығыннан бөлек 1 млн теңге табыс табамын.  Енді мемлекет тарапынан жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған жобаларға қатысып, жеңілдетілген несие алсам деймін. Ең бастысы – мемлекет іс бастаймын деген жандардың қолын қағып жатқан жоқ. Қайта демеп, қолдауда. Соның арқасында қаншама адам кәсіпкер атанып, шағын бизнесін дамытуда. Тек ұсынған қаражатты мақсатты жұмсай білу керек, – дейді ол.

Сара АДАЙБАЕВА

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: