Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сыр елін Aбай күнімен құттықтады

Қадірлі жерлестер! 
Сіздерді Абай күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгін 10 тамыз əлемдік деңгейдегі ғұлама ойшыл, ұлы ақын, ағартушы, ұлт руханиятының темірқазығы – Абай Құнанбайұлының туған күні!
Өткен жылы хакім Абайдың
175 жылдық мерейтойына орай Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 10 тамыз - Абай күні болып жарияланып, мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енгізілді.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмайтын темірқазық іспетті.
Санасын жаңғыртып, сапасын арттырғысы келген адам Абайды оқып, оның өлеңдері мен қара сөздерінен мол ғибрат алып, рухани кемелдене түседі. Сонау ХІХ ғасырда айтып кеткен сөздері күні бүгінге  дейін құнын жоғалтпай, бізге бағыт-бағдарымызды көрсетіп, өзектілігін сақтап отыр.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты концептуалды мақаласында: «Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады»,- деп ұлы тұлғаның алар орнын айқындап көрсеткен еді.
Адам әркез ақыл-ойын, таным-түсінігін, рухани жан-дүниесін табанды еңбегі арқылы жетілдіріп, ұштап отыруы қажет. Дана Абай халқын ілім-білімге, өнер-ғылымға құштар болуға, жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге шақырды. Ұрпағы кемеліне келген, толық адам болуы үшін алдына арнайы мұрат-мақсат қойып, дұрыс жолмен жүруін асыл сөзімен айшықтап берді. 
Бүгінде кез келген ұлттың бәсекеге қабілеттілігі мен даму деңгейі оның әлем мәдениеті мен өркениетіне қосқан үлесі және адамзатқа сыйлаған ардақты тұлғаларымен өлшенеді. Міне, осы тұрғыдан алғанда адамзат ақыл-ойының асқар шыңына айналған Абай  - ұлттық мақтанышымыз. 
Ғасырдан астам уақыт бұрын қоғам дамуының қозғаушы әлеуметтік-экономикалық күштері – еңбек, бірлік, кәсіп, сауда, өнер-білім туралы айтқан ой-тұжырымдары тәуелсіздігіне 30 жыл болған Қазақстанның жаңғырып, жаңару жолындағы аса маңызды факторлары екені даусыз.
Біз Абайды қалай танып жүрміз?! Оның өз заманында айтқан сөздерінің әлі де өзекті екенін ескеріп жүрміз бе?! Бұл біздің әлі де ұлы Абайды өзіміздің тани түсуіміз, өзгеге таныта беруіміз үшін алдымызға қойып отыратын міндетіміз болмақ.
Бір халықтың емес, бүкіл адамзаттың ақынына айналған кемеңгер Абайдың асыл мұрасы – баршамыздың рухани азығымыз, жол көрсетер құбылнамамыз! 
Абай күні құтты болсын!

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: