Елімізде болған келеңсіз оқиғаларға байланысты қалыптасқан жағдай кезінде төтенше жағдайлар саласы мамандары тарапынан тиісті жұмыстар атқарылды. Бұл жөнінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Руслан Қайрақбаев журналистермен жүздесуінде айтып берді.
– Төтенше жағдай кезінде облыс халқын құлақтандыру мақсатында 7 рет аналогтық телеарналарды пайдалану және 25 халықты құлақтандыру жүйесін іске қосу пайдаланылды. Облыста 5-6 қаңтар күндері өрттен 13 нысан зақымдалды. Олардың қатарында облыстық әкімшілік, сот ғимараты, облыстық және қалалық «Nur Otan» партиясының ғимараттары, 8 полиция бекеті (будка), жергілікті полиция қызметінің гаражы және 46 автокөлік бар.
«Nur Otan» партиясының ғимараттары, сот ғимараты және жергілікті полиция қызметінің гаражы секілді нысандарда болған өрттерді сөндіруге облыстық төтенше жағдайлар департаментінен барлығы 33 қызметкер, 4 өрт сөндіру және 1 арнайы автокөлік жұмылдырылды.
Қазіргі таңда департаменттің құрылымдық бөлімшелерінде барлығы 236 қызметкер және 69 техника күшейтілген кезекшілікте жұмыс жасауда. Жеке құрам арасында жарақат алғандар тіркелмеді. Департаменттің және оған бағыныстағы бөлімшелердің ғимараттары, техникалар зақымдалған жоқ.