Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

ҚАЛА ӘКІМІ ЖУРНАЛИСТЕРМЕН БАСПАСӨЗ ТУРЫНА ҚАТЫСТЫ

 ҚАЛА ӘКІМІ ЖУРНАЛИСТЕРМЕН БАСПАСӨЗ ТУРЫНА ҚАТЫСТЫ

 

Бүгін, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстыру мақсатында бірқатар нысандарды аралап, БАҚ өкілдерімен және қала тұрғындарымен кездесті.
Бірінші нысан, Сырдария өзенінің сол жағалауынан салынып жатқан жаңа қаланың құрылысымен таныстырса, келесі нысан Тасбөгет кентіндегі балалар спорт-ойын алаңында болды.
Бұл спорт алаңы былтырғы жылы 9 млн. теңгеге, Тасбөгет кенті әкімдігі тарапынан өз кірістері есебінен салынған болатын.
Биылғы жылы да осы жұмыстардың жалғасы ретінде, қала бойынша барлығы 20 дана спорттық-жаттығу алаңдары салынатын болады. Бұл бағытта бюджеттен 80 млн. теңге қаржы қаралған. 
Соңғы үлгідегі, заманауи талаптарға сай спорттық-жаттығу алаңында веложаттығу, кермеше, брусья, түрлі күштік жаттықтырғыш құралдарымен қамтамасыз етіледі.
Айта кету керек, соңғы 4 жылда қала бойынша 62 спорттық ойын алаңдары салынған.
Сонымен қатар, Тасбөгет кентіндегі 403 млн. 38 мың теңгеге жалпы ұзындығы 8,7 шақырымды құрайтын жол жөндеу жұмыстарымен таныстырды.
Бүгінде облыстық бюджеттен бөлінген 187 млн. 546 мың теңгеге кенттің 5 көшесіне (Тәуелсіздік, М. Шоқай, Қ. Исмайлов, Школьная, Ш. Есенов) күрделі жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілсе, облыстық бюджеттен бөлінген 184 млн. 776 мың теңгеге 3 көшеге (Ж. Маханбетов, М. Мәметова, Ә. Молдағұлова) күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен бірге кенттің қолма - қол бақылау шотынан бөлінген 30 млн. 716 мың теңгеге жалпы ұзындығы 1 шақырымға жуық 7 көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалуда.
Биылғы жылдың ауқымды жұмыстарының бірі, бюджеттен бөлінген 550 млн. 300 мың теңгеге қаладағы Сәулет мөлтек ауданында бір мезетте 18 шақырымды құрайтын 32 көшеге жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Қала әкімі Н.Нәлібаев осы мөлтек аудандағы Қойсары батыр көшесінің тұрғындарымен кездесіп, жағымды жаңалықпен бөлісті және осы уақытқа дейін шыдамдылық танытып, түсіністікпен қарап келген тұрғындарға алғысын білдірді. 
«Осындай мүмкіндікті жасап отырған Елбасына және тікелей қолдау көрсеткен аймақ басшысына үлкен рахмет. Бірнеше жылдан бері біз үшін ең өзекті мәселелердің бірі болып келген бұл көшенің жөнделуі өте қуанышты жағдай. Себебі қанша жылдан бері жол жоқ, жауынды күндері лайланып жататын көшелерді көргенде жанымызға қатты бататын еді. Әрине, бәрін бірден жасап беріп Сіздердің алғыстарыңыз бен баталарыңызды алғанға не жетсін. Бірақ, бар мәселе қаржыға келіп тірелетінін Сіздер де жақсы білесіздер. Дегенмен, бар мүмкіндікті пайдаланып мәселені жедел шешуге жұмыс жасап жатырмыз. Барлығы кезең-кезеңімен жоспарлы түрде ретке келтіріледі», - деді қала әкімі.
Келесі нысан «Нұрлы Жол» бағдарламасы арқылы Ажаров көшесінде қайта жаңғыртылып жатқан ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары болды.
Жалпы, «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы Қызылорда қаласы бойынша ауыз су және кәріз су жүйелерін қайта жаңғыртудан өткізуге республикалық бюджеттен 3 млрд. 43 млн. 907 мың теңге қаржы бөлінді.
Бұл қаржыға 27 жоба бойынша 34,4 шақырым ауыз су және 7,8 шақырым кәріз су құбырлары қайта жаңғыртылатын болады.
Жаппасбай батыр көшесіндегі 160 пәтерлік және 50 пәтерлік 2 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс басында болған қала әкімі құрылысшыларға қарқынды жұмыс пен елеулі еңбектері үшін рахметін айтып, бірінші кезекте құрылыстың сапасына ерекше көңіл бөлуді тапсырды.
Көлемі 13 мың шаршы метрден астам бұл тұрғын үйлер, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға үлестірілетін болады.
БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур, күрделі жөндеуден өтіп жатқан Қорқыт ата көшесіндегі қала тұрғындары «Тесік көпір» атап кеткен темір жол көпірінің маңында аяқталды.
Бұл жерде, көліктердің кедергісіз өтуіне мүмкіндік жасайтын темір жол өткеліне жаңа технологияларға сәйкес резеңке төсеніш салынып, негізгі мәселелердің бірі болып келген жауын-шашын салдарынан көпір астына жиналатын суларды құрғататын арнайы құрылғы орнатылуда.
Жалпы алғанда, ұзындығы 5,8 шақырымды құрайтын бұл жолды күрделі жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен 1 млрд. 426 млн. теңге бөлінген.
4 жолақты бұл жолдың ені 14-21 метр болса, 11,7 шақырым жаяу жүргіншілер жолымен, 4,4 шақырым болатын 156 дана түнгі жарық бағаналары, 19 аялдама салынды және екі бетіне барлық талаптарға сай суағар қарастырылған.
Қала әкімі Н.Нәлібаев жол құрылысы кезінде туындаған жайсыздықтар үшін қала тұрғындарын түсіністікпен қарауға шақырып, жолдың жақын күндері толық пайдалануға берілетіндігін жеткізді.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: