Қызылорда қаласында жаңа үлгідегі автобус паркі ашылды. Оған Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, қызылордалықтарды қуаныштарымен құттықтады.
- Бұл автопарктің ерекшелігі - қала көлемінде қызмет көрсететін үлкен сыйымдылықтағы автобустарға арналған тұрақтар, жанармай бекеті, көлік жуу алаңы және автобустардың үздіксіз жұмыс жасауына жағдай жасайтын түрлі мүмкіндіктер қарастырылған, - деді облыс әкімі.
Жаңа автобустардың техникалық және санитарлық жағдайы елдің сұранысына сай болуы үшін, облыстық бюджеттен 2 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылған. Автобус паркінің жалпы аумағы 5 гектарды құрайды және 200 автобусқа шақталған. Автобус паркі 400-ге жуық адамды жұмыспен қамтиды.