«ЦИФРЛЫҚ ҚАЗАҚСТАННЫҢ» МАҚСАТТЫ КӨРСЕТКІШТЕРІНІҢ БІРІ "SMART CITY" БОЛЫП ТАБЫЛАДЫ
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімі аппарат басшысының орынбасары Индира Ақжігітова мәлімдеді.
– Елбасы Жолдауы - жаңа мақсаттарға жетелейтін басты құжат. Саяси құжатта төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табуда нақты міндеттер қойылды.
Нақты міндеттің бірі болып, биылдан бастап Қарағанды облысы денсаулық саласы, Павлодар аймағы білім, ал Қызылорда "ақылды басқару" бойынша пилоттық өңір боп бекітілді. 4 жыл ішінде үздік жобалар іріктеліп, өзге облыстарда жүзеге аспақ.
Жалпы, Smart City дегеніміз – бұл ақылды қала. Ол халықтың қолайлы өмір сүру жағдайларын жақсарту үшін ресурстар мен қызметтерді басқару тиімділігін арттыру стратегиясы боп табылады. SMART CITY бағыттары Канадада (қауіпсіздік), Барселонада (көлік), қалдықтарды жою бойынша АҚШ-та, әлеуметтік қызметтерді көрсету саласы бойынша Сингапурде, дистанциондық білім беруде Стэнфорд, АҚШ-та, медициналық көмек көрсету бойынша Ұлыбританияда дамыған. Елбасының айтуынша, «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін. 2018 жыл - елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл. Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы - баршамыздың ортақ мақтанышымыз. Заманауи технологиялар жылдам өсіп келе жатқан мегаполистің проблемаларын тиімді шешуге жол ашады. «Смарт Сити» тұжырымдамасы мен қалаға қоныс аударатын адамдардың құзыреттерін дамыту негізінде қалалық ортаны басқаруды кешенді түрде енгізу қажет. Әлемде инвесторлар үшін қалалар бәсекеге түседі деген түсінік қалыптасты. Олар елді емес, жайлы өмір сүріп, жұмыс істейтін қаланы таңдайды. Сондықтан, Астананың тәжірибесі негізінде «Смарт Сити» «эталонды» стандартын қалыптастырып, Қазақстан қалалары арасында озық практиканы таратуды және тәжірибе алмасу ісін бастау керек. «Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналады., – деді Индира Ақжігітова.