ҚАЛА ӘКІМІ БІРҚАТАР ЖАНАШЫР АЗАМАТТАРДЫ МАРАПАТТАДЫ
Бүгін, қала әкімі Н.Нәлібаевтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде бірқатар қала кәсіпкерлері марапатталды.
Өздеріңізге мәлім, ағымдағы жылдың 28 ақпанында Титов тұрғын ауданында орналасқан жатақхананың адам тұрмайтын бөлігі құлап, төтенше жағдай орын алған болатын.
Төтенше жағдай барысында қала әкімдігі тарапынан жедел шаралар қабылданып, барлық тиісті қызметтер дер кезінде жұмылдырылды.
Оқиға орнынан 50 отбасы қауіпсіз жерге көшіріліп, екі күннің ішінде жергілікті бюджеттің есебінен уақытша жалдамалы пәтерлерге орналастырылған болатын.
Сонымен қатар, қаламыздың жанашыр азаматтары мен кәсіпкерлері жатақхана тұрғындарын дәрі-дәрмек, азық-түлік және бірінші қажеттіліктегі тұрмыстық заттармен қамтамасыз етуге барынша қолдау көрсетті.
Уақытша жалдамалы пәтерлерге орналастырылған 50 отбасын тұрғын үй кезегі келгенше тұратын баспанамен қамту мақсатында, құрылысшы кәсіпкерлерінің демеушілігімен 50 млн. теңгеге жуық қаржыға қала көлеміндегі 9 көпқабатты үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, аталған отбасылар толықтай сол пәтерлерге орналастырылды.
Осыған байланысты, төтенше жағдай орын алған уақытта дер кезінде қолдау көрсетіп, демеушілік жасағаны үшін, сондай-ақ қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып жүрген бірқатар құрылыс компаниясының басшылары мен кәсіпкер азаматтарға Қызылорда облысының «Құрмет грамотасы» және төтенше жағдай кезінде әлеуметтік көңіл-күйдің тұрақталуына қосқан ерекше қызметі үшін «Қызылорда» телеарнасының тілшісі Әбділдә Елжасқа облыс әкімінің «Алғыс хаты» табысталды.
«Осы игі істеріңіз үшін барлықтарыңызға қала халқы атынан шынайы алғысымды білдіремін» - деді, қала әкімі Н.Нәлібаев.