Қызылорда облысы Сырдария ауданының бүтіндей бір ауылының тұрғындары балабақшаға балаларын жіберуге қорқады деп хабарлайды 31.kz телеарнасы. Өйткені бөбекжай орналасқан ғимарат апатты деп танылған. Бірақ халықтың басқа амалы жоқ. Ауылда бұдан бөлек балабақша жұмыс істемейді. Жергілікті билік өкілдері болса, тек уәде берумен шектелiп келеді.
Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғыны Айсәуле Шайшаеваның қызы «Ақ көгершін» балабақшасында тәрбиеленеді. Жас ана апатты жағдайдағы бөбекжайға баласын жіберуге қорқатынын жасырмайды. Апатты ғимарат кез-келген уақытта опырылып түсуі мүмкін. Бірақ, Айсәуленің басқа жерге апаратындай таңдау мүмкіндігі жоқ.
АЙСӘУЛЕ ШАЙШАЕВА, ата-ана:
Шын айтсам, қызымды жіберуге кейде қорқам қай кезде құлап кетеді деп балабақша. Жарқын, кемел болашағымыздың ұрпақтарын жақсы, жаңа, жылы ғимаратта тәрбиеленсе екен дейміз.
«Ақ көгершін» балабақшасының ғимараты 1975 жылы пайдалануға берілген. Сол уақыттан бері бір ақ рет күрделі жөндеуден өткен. Одан кейін ағымдағы жөндеу жұмыстарымен ғана шектеліп келген. Бүгінде мұнда 25 бүлдіршін тәрбиеленуде. Жауынды күндері шатырынан су ағып, жағдай мүлдем қиындайды дейді мұндағылар. Ұядай ғана бөлмеде пеш те қолдан жағылады, тағам да әзірленеді. Әжетхана болса, сыртта орналасқан. Балаларға, әсіресе қыстыгүні қиын.
ЖАҢЫЛ БАЙНАЗАРОВА, «Ақ көгершін» балабақшасының меңгерушісі:
Жеке-жеке медкабинет, асхана, психолог, қызметкерлер кабинеттері жоқ. Жылу орталығы мен асхана, балаларға тамақ дайындау бөлмесі бір жерден беріледі.