Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

МҮМКІНДІГІ ШЕКТУЛІ ЖАНДАРҒА АРНАЛҒАН АУЛА КЛУБЫ АШЫЛДЫ


«Шұғыла» шағын ауданында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тағы да бір аула клубы ашылды. Бұған дейін мұндай орындар облыс орталығындағы «Ақмешіт», «Универсам» шағын аудандары мен ескі базар аумағында ел игілігіне айналған еді.
Бұл шараға Қызылорда қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор басшысы Ардақ Әлқожаева қатысып, құттықтау лебізін білдірді.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға зейінді ықыласпен көңіл бөлу – өркениетті қоғамның көрсеткіші. Мамандардың айтуынша, мұндай клубтар ерекше қолдауды қажет ететін азаматтарды әлеуметтендіру және олардың шығармашылығын дамыту үшін құрылған. Осы ретте басшылық тарапынан үлкен қолдау жасалуда. Игі бастаманы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде «Сұңқар» қоғамдық қоры жүзеге асыруда.
Аула клубының негізгі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоғамға бейімдеу. Спорт мектебі жанынан ашылған клубта тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, үстел теннисі, асық ату сынды спорт түрлерінен сайыстар мен түрлі экскурсиялар ұйымдастыру жоспарланып отыр.
- Тұрғындардың көпшілігі мұндай аула клубтарының ашылғаны туралы біле бермейді. Сондықтан тұрақты жұмыс жасайтын қызметкерлер тартуды қолға алып отырмыз. Апта бойы аула клубында төрт қызметкер тұрақты түрде қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, спорттық сайыстардан бөлек қолөнер бұйымдарының үйірмелері де ашылады, – дейді «Сұңқар» қоғамдық қорының төрайымы Жанат Сұңқарбаева.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: