Бүгінде Арал теңізінен жылына 8 мың тонна балық ауланып, балық өнімдерін өңдейтін 8 зауыт жұмыс істеп тұр. Өңделген балықтары Ресей, Грузия, Әзірбайжан, Дания, Польша мен Қытай елдеріне экспортталады. Арал өңірі балықшыларының ІV слетіне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Парламент Мәжілісі депутаттары, Ауыл шарушылығы министрлігінің, Халықаралық Аралды құтқару қорының өкілдері, сала ардагерлері және Ақтөбе, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау облыстары мен Ресей федерациясынан делегациялар келді. Естеріңізге сала кетейік, Ульяновск облысының Дмитровград қаласында Аралдың балығын өңдейтін зауыт салынған.
«Елбасының бастамасымен жүзеге асқан «Ғасыр жобасы» атанған Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жобасы аясында атқарылған ауқымды шаралар нәтижесінде, Арал өңірінің ата кәсібі – балық шаруашылығы саласы жаңа деңгейге көтеріліп, қарқынды дамуда. Қасиетті Сыр елі өзінің жер асты байлығы – мұнай, уран, түрлі-түсті металдар, ақ күріші, төрт-түлік малымен бірге Арал балығымен мақтана алатындай берекелі, құтты мекенге айналуда. Көп жыл ұмыт болып, бүгінде дәстүрге айналған балықшылар слетінің негізгі мақсаты – саланың жаңа замандағы алар орны жайлы ой салу, осы кәсіпті дамытудың жолдары туралы пікір алмасу», - деді облыс әкімі.
Атап өтейік, бүгінде Арал теңізінен жылына 8 мың тоннаға дейін балық ауланады. Соңғы 5 жылда аймақтағы балық аулау көрсеткіші 2 есеге артқан. 2013 жылдан бері балық өнімдерін өңдейтін 4 зауыт салынса, оның 4-еуі өнімдерін Еуропа елдеріне экспорттауға мүмкіндік беретін еурокодқа ие.
Балық өнімдері Ресей, Грузия, Әзірбайжан, Дания, Польша мен Қытай елдеріне экспортталып жатыр. 2012 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 8 есеге артты. 2018 жылдың І жартыжылдығында балық өнімдерін экспорттауда 32%-ға өсім байқалды.
Слет барысында балық шаруашылығының дамуына айрықша үлес қосқан азаматтар мен еңбек ардагерлері Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімінің Алғыс хатымен, Құрмет грамотасымен және медальдармен марапатталды.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың наурызында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың облысқа жасаған сапарында аймақтағы балық
шаруашылығының жағдайы және Аралда өткен арнайы мәжілісте «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС-2) жобасының екінші фазасының іске асырылу барысы кеңінен талқыланған болатын. Нәтижесінде САРАТС-2 жобасының екінші фазасының 4 компонентін республикалық бюджет есебінен іске асыру жөнінде шешім қабылданды. Қызылорда су торабын кешенді жөндеу, Жалағаш, Қармақшы аудандарында өзеннің қорғаныс бөгеттерін нығайту және арнасын түзету, Қазалы ауданында Бірлік елдімекенінің тұсында көпір салу жұмыстары басталып кетті. Сонымен қатар, балықшылардың өтініші бойынша Көкарал бөгетін нығайту және «Қарашалаң» мен «Тұщы» көлдерінің тұсында өзеннің атырабын қалпына келтіру жөнінде де тиісті шешімдер қабылданды. Бұл шаралар – Көкарал бөгетін нығайтуға, Солтүстік Арал теңізінің су айналымын қалыптастыруға, теңіздің тұздануын төмендетуге және балықтардың Үлкен Арал теңізіне кетуін азайтуға мүмкіндік береді.
Өткен жылы Орталық Азия елдері өкілдерінің қатысуымен Қызылордада ұйымдастырылған бірінші Арал халықаралық тұрақты дамыту форумы барысында Халықаралық Аралды құтқару Қорының құрылған күні 26 наурыз – «Арал теңізінің күні» болып жарияланған болатын. Биыл Халықаралық Аралды құтқару Қорының 25 жылдығы аясында алғаш рет «Арал теңізінің күні» облыста салтанатты түрде аталып өтілді.