Жылу жайына қатысты қалалық штаб құрылды. Сондықтан бұл маусымғы дайындық, тұрғындар қарызы, жөндеу жұмысы назардан тыс қалмайды.
Ал, биылғы қысқа қала дайындығы қалай? Көмір тапшылығы орны алуы мүмкін бе? Жылу маусымына қандай жұмыстар жасалуда? Осыған орай «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК директоры Руслан Нұрмағанбетовті сөзге тарттық. Жылу беру маусымы кезеңінде Қызылорда қаласына қажет етілетін қатты отын көлемі шамамен 43 мың тоннаны құрайды. Бұл отынмен қамтамасыз ету бойынша 5 тасымалдаушы мекеме бар. Олар – жеке кәсіпкерлер «РусКом», «Бахадуров», «Олжас-2005», «Қызылорда-Отын», «МЧ» ЖШС. Әрқайсысы өздеріне тиесілі міндетін атқаруда. Биыл Шұбаркөл, Қаражыра көміріне тапсырыс берілді.
«Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК теңгерімінде ЖЭО, КОГТЭС, Оңтүстік қазандығы, қаланың мөлтек аудандарында орналасқан 17 автономдық блок модульдік қазандық пен Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі «ҚазалыТеміржолЖылу» қазандығы бар. Орталықтандырылған жылу жүйесі арқылы барлығы 1364 нысан қамтамасыз етіледі. Оның ішінде көпқабатты және жеке тұрғын үйлер, білім, денсаулық, мәдениет, спорт нысандары, балабақша, бюджеттік мекемелер бар.
– Қазіргі күні кесте бойынша қосалқы қондырғылары мен жылу құбырларына жөндеу жүруде. Сонымен қатар, кәсіпорынға «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша әрі облыстық бюджеттен қаржы бөлінді, – деді Р.Нұрмағанбетов.