Елбасының ағымдағы жылдың 9 қыркүйегінде өткен кеңейтілген Кеңесте берілген тапсырмасына сәйкес «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының жобасы әзірленген.
Аталған бағдарлама жобасын түсіндіру мақсатында бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде сала басшыларының қатысуымен брифинг өтті.
Жаңа бағдарламаның басты мақсаты – жастарды жаппай оқыту және кәсіпкерлік арқылы нәтижелі жұмыспен қамту үшін кірістердің өсуіне жағдай жасау болып отыр. Бағдарламаның 3 бағыты арқылы жүргізілетіндігін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы А. Алдажаров айтып өтті.
Сондай-ақ, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Е. Қарабалаев 2017 жылдан бастап бұл бағдарлама аясында «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» жаңа жобасын жүзеге асыру мақсатында облыста кешенді шаралар қабылданатындығын мәлімдеді.
Қазіргі таңда, жобаға 1-ші және 2-ші нысаналы топтар бойынша қытысушылар анықталған. 9 сыныпты бітіруші 4103, 11 сыныпты бітіруші 622, біліктілігі жоқ 994, жұмыссыз - 4734, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар - 14210, 3258 колледждер мен жоғары оқу орындарынан оқудан шығып қалғандар. Олар жоба бойынша техникалық, технологиялық, қызмет көрсету және сервис, ауылшаруашылығы, құрылыс, шағын және орта бизнес саласына қажетті мамандықтар бойынша кәсіп алатын болады.
Жобаға жұмысшы мамандарын даярлайтын 17 колледж, 2 оқу орталығы, 1 әскери-техникалық мектептің облыстағы филиалының қатысуы жоспарланып отыр.
2017 жылы жоба аясында техникалық, технологиялық, қызмет көрсету және сервис, ауылшаруашылығы мамандықтары бойынша 4200 адам, оның ішінде 2685 жергілікті бюджет есебінен мемлекеттік тапсырыспен, 1515 республикалық бюджет есебінен мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алатын болады. Брифинг соңында сала басшылары БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға жан-жақты жауаптарын берді.