Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Жанқожа батыр кешені 

Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтарын халық санасына сіңірудің ерекше маңыздылығын айтқан болатын. 


Осы орайда, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен қазақ халқының тарихынан елеулі орын алатын Қазақстанның қасиетті орындарын анықтап, оның тізімін жасау қолға алынды. Белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің, аймақтардағы жергілікті өлкетанушылардың ұсынысы бойынша Қазақстанның 100 қасиетті орындары мен кешендерінің тізімі анықталды.
«Қазақстанның қасиетті орындары мен кешендеріне» ерекше қастерленетін табиғи, мәдени мұралар, зайырлы және діни сәулеттің айрықша қастерлі ескерткіштері, кесенелер, сонымен қатар, Қазақстан халқының жадында өшпес із қалдырған тарихи және саяси оқиғалармен байланысты орындар жатқызылды.
Еліміздегі барлық қасиетті нысандар "Ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері", "Археологиялық ескерткіштер және орта ғасырлық қалалық орталықтар", "Діни және ғұрыптық орындар", "Тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар", "Саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қасиетті орындар" болып бес топқа жіктелді.
Олардың қатарында Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісіне және Ресей отаршыларына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы. XIX-шы ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап Сыр бойы мен Арал теңізінің шығыс жағалауын қоныстанған қазақтарға өз үстемдігін жүргізе бастаған Хиуа, Қоқан хандықтарының өктемдігі мен Ресейдің қазақ жерін отарлау саясатына қарсы шыққан халық батыры Жанқожа Нұрмахаммедұлының кесенесі де бар.
Қазалы ауданы орталығы Әйтеке би кентінде батырға арналған ескерткіш кешен бар.Бүгін осы кешен туралы айтпақпыз.
Жанқожа батыр кешені – Қазалы ауданында орналасқан архитектуралық ескерткіштердің бірі. Әрі батыр, әрі әулие Жанқожа Нұрмұхамедұлын есте қалдыру мақсатында Қазалы ауданы қазіргі Әйтеке би кентіне 1992 жылы ескерткіш-кесене орнатылды.
Есепке алу үшін аудандағы тарихи-мәдени мұраларды қорғау, насихаттау және қалпына келтіруді ұйымдастыру комиссиясы 2003 жылы бастауыш құжаттарын дайындады. Кесене құрылысын салуға жүздеген шебер құрылысшылар қатысты. Мыңдаған адамдар сенбілікке шығып, көмекке келді. Қаржылай үлес қосты.
Халық пір тұтқан әулие бабамыздың ескерткішін тұрғызуға қатысқандардың есімі кесене шежіресі жайлы кітапқа жазылды. (Кітап Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі қорында сақтаулы.)
Батырдың Қызылқұм жерінде жатқан бейітінен топырақ әкеліп қойылып, республикалық деңгейде батыр рухына арнап ас берілді. Сыр, Арал бойы қазақтарының қорғаны болған, өз халқын Хиуа мен Қоқан бектерінің зорлық-зомбылығы мен Ресейдің «тағы халықтарды тірілей іреу» саясатынан жұртын қасық қаны қалғанша қорғаған Жанқожа Нұрмұхамедұлы 1774 жылы туып, 1860 жылы жау қолынан қаза тапты.
Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті аралығында орналасқан Жанқожа баба кесенесі маңынан аялдамалар, автожол бойынан көліктердің жылдамдығын тежейтін жол кедергілері орнатылып, кесенеге барар жаяу жүргіншілер жолы салынған.
Бүгінде Жанқожа батырдың құрметіне қойылған бұл ескерткіш кешен – аудан халықы мен қонақтардың арнайылап соғатын қасиетті орындарының бірі.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: