Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

ҚАРЖЫНЫ ИГЕРУ – НЕГІЗГІ МІНДЕТ

Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен аппараттық мәжілісі өтті. Оған орынбасарлары, бөлім басшылары, ауыл-кент әкімдері және ардагерлер қатысты. Күн тәртібінде 3 мәселе қаралды.
Бірінші мәселеде бюджет қаржысының І жартыжылдыққа болжамның игерілуі талқыланды. Ол бойынша қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов баяндады. Биылғы 1 маусымына қала бюджетінің кіріс бөлігі жалпы 102,5 пайызды құрап отыр. Республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттер мен субвенция толығымен түскен.
– Ал, 1 шілдеге шығындар жоспары 97 пайызға жетті. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржы қалалық құрылыс бөлімі тарапынан игерілмеуі мүмкін деген болжам бар, – деді Б.Нұридинов. Оның себеп-салдары да таразыланды. «Инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымды жобалау, дамыту, жайластыру және сатып алу» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 3 нысанға бөлінген қаржыдан құрылыс-монтажын жүргізуге жарияланған ашық электронды мемлекеттік сатып салу конкурсының шешіміне мердігер мекемелердің шағымдануына байланысты өз шешімін таппай тұр.
Осындай жағдай «Коммуналдық тұрғын үй қорының тұрғын үйін жобалау, салу және сатып алу» бағдарламасы бойынша Сырдария өзенінің сол жағалауында салынып жатқан 4 тұрғын үйге жоспарланған қаражаттың шамалы бөлігі игеру мәселесінде кездесіп отыр. Мұндай мәселе «Сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту» бағдарламасы аясында да орын алған.
2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасының мақсаттарына қол жеткізу туралы қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлнар Баймаханова баяндап берді.
Елімізде мемлекеттік жоспарлау үдерісінің бір бөлігі – 5 жылдық кезеңге арналған «Аумақтарды дамыту» бағдарламасы. Бұл құжат экономиканың барлық секторын және өңірдің даму бағыттарын қамтиды. Жалпы, осы бағдарламасы құрылымында 18 мақсат, 69 нысаналы индикатор мен 24 көрсеткіш қарастырылған. Қала бойынша толықтай қол жеткізілген нысаналы индикаторлардың үлесі 79,8 пайызды құрады.
Одан кейін баға тұрақтылығына қалалық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Медет Сейілов тоқталды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларының өсуіне жол бермеу мақсатында күнделікті мониторинг жасалып, тиісті шаралар қабылдануда. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, көктемгі маусымда азық-түлік тауарларының бөлшек саудадағы бағасымен салыстырғандағы 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар өнімнің 2 түрі бойынша бағасы көтерілген.
Бүгінгі күні тауарлар тікелей қоймадан қаладағы шағын аудандарында орналасқан 14 әлеуметтік және 10 сауда дүкенімен әріптестік келісім-шарт негізінде өткізілуде. Қала аумағындағы әлеуметтік дүкендердің азық-түлік бағаларын тұрақтандыруда алатын орны ерекше. Осыған орай алдағы уақытта оларды көбейтуге назар аудару ойда бар.
Мәжіліс соңында қала әкімі тиісті сала басшыларына жан-жақты тапсырмалар берді.
–Қаржыны игеру –өзектімәселе. Бөлінген ақшаны сапалы, уақытылы игеруіміз керек. Сондай-ақ, баға тұрақтылығы да назардан тыс қалмайды. Жылыжайды көбейтіп, егін егуге тұрғындарға жер беру мәселесіне де көңіл бөлген жөн, – деді қала басшысы.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: