Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

РЕСЕЙДІҢ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДА БІЛІМ АЛҒАН 30-ДАН АСТАМ ТҮЛЕК СЫР ЕЛІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУГЕ ОРАЛДЫ


Мәскеу мен Санкт-Петербургтің жоғары оқу орындарының алғашқы 74 түлегі дипломдарын алып, олардың 43-і магистратураға түсті. Бұл туралы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтің Ресейдің жоғары оқу орындарының алғашқы түлектерімен кездесуі барысында белгілі болды.
Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылдан бастап Мәскеу мен Санкт-Петербургтің озық оқу орындарында 452 қызылордалық студент Ресей федерациясы үкіметінің гранты есебінен білім алуда. Осы жылы алғашқы 74 түлек оқуын тәмамдады, олардың 43-і магистратурада оқуларын жалғастырады, 14-і облыстың ірі кәсіпорындарына - «СКЗ-У» ЖШС, «Қызылорда жарығы» ЖШС, «Ансар Сервис» ЖШС, «Теплотехник» ЖШС, мамандандырылған мемлекеттік мекемелерге - индустриалды-инновациялық даму, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары мен жастар ресурстық орталығына және т.б. жұмысқа орналастырылды. Жыл соңына дейін тағы 12 түлек жұмысқа орналасады, ал 5 түлек әртүрлі себептермен (қоныс аудару және т.б. байланысты) ұсынылған жұмыс орындарынан бас тартқан.
Айта кетейік, келесі жылы тағы 150 түлек оқуын бітіреді деп күтілуде.
Аймақ басшысы оларды оқуларын ойдағыдай аяқтауларымен құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі.
Құрметті әріптестер! Сіздер бүгінгі менің аймақ, ел дамуына етене үлес қосатын білікті маман, еңбек етуші үзеңгілес әріптесіме айналдыңыздар. Ата бабамыз «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған, Елбасымыз да «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деп айтып келеді. Мен де өз кезегінде «Туған жерге тағзым ету - парызым, туған жерге қызмет ету - қарызым» деген ұранды ұстанамын. Сондықтан, білім алып, белгілі бір мамандық иесі атанып, туған жерлеріңе оралған қадамдарыңыз «оң болсын» деп тілеймін», - деп аймақ басшысы жас мамандарға жылы лебізін білдірді.
Өз кезегінде, бітірушілер мен олардың ата-аналары мектеп бітіргеннен кейін Ресейдің ең үздік техникалық жоғары оқу орындарында білім алуға және жұмысқа орналасу мүмкіндігін жасаған облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді.
«Мұндай мүмкіндік басқа аймақтарда болмағанын атап өткім келеді. Мәскеу мен Петербургте көбінесе сыр бойылық жастар оқуда, басқалары бізге жасалған материалдық және рухани қолдауларыңызға қызыға қарайтын. Қазір тіпті Мәскеуге арзан әуе рейстері ұйымдастырылған. Сондай-ақ, оқып жүрген кездің өзінде «Аралтұз», «Байкен-U», «Қызылорда жарығы», «Абзал и К» сияқты ірі компаниялар жұмыс ұсына бастады. Мен «Қызылорда жарығы» ЖШС-де жұмыс жасаймын, ата-анам мен облыс басшылығының үмітін ақтап, алған білімімді туған жердің игілігіне жаратсам деймін»,-деді «Қызылорда жарығы» ЖШС-нің қызметкері Еламан Меңдіқұл.
Кездесуде түлектер облыс әкіміне «Орда» жастар қоғамдық бірлестігінің куәлігін табыстады. Бұл ұйым ағымдағы жылдың тамыз айында сыр бойылық жастардың мәселелерін шешуге және ресейлік жоғары оқу орындарындағы студенттер мен түлектерді біріктіруге арналып құрылды.
Естеріңізге салайық, биылғы жылы 60-тан астам мектеп түлегі Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеулер университетіне, К.А. Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетіне, Санкт-Петербург мемлекеттік индустриалды технологиялар және дизайн университетіне, Иннополис университетіне және Мәскеу энергетика институтына түсті. Сонымен бірге, сыр бойылық жастарға мамандандырылған «Киберқауіпсіздік» және «Процестерді математикалық модельдеу» саласында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетіне жыл сайын 20 грант және Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Парламентаралық Ассамблеясы аясындағы жоғары оқу орындарына грант бөлінеді. Ақпараттандыру мен технологияларды енгізу бойынша Татарстан Республикасындағы Иннополис университетінде ақпараттық және сандық технологиялар бойынша жыл сайын қызылордалық түлектердің білім алуына келісім жасалған. Алдағы уақытта «Сколково» инновациялық орталығымен әріптестік орнату жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 900-ге жуық түлек облыс әкімінің білім грантына ие болды. 2018 жылы грант саны екі есеге артты, оның 70 пайызы IT мамандықтарына бөлінеді.
Биылғы жылы облыс әкімінің 116 стипендиаты оқуын бітірді, оның жартысы (46 адам) жұмысқа орналасса, 7 -еуі магистратураға түсті.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: