Сырғанақ тебеміз деп, толық қатпаған мұз бетінен оқушыларды көріп, дер кезінде құтқару қызметіне хабар беріп, оқыс оқиғаның алдын алған құрылысшы «Алғыс хатпен» марапатталды.
Айта кету керек, «Құрылысшы М» ЖШС мекемесінің құрылысшысы Бағдат Жүнісбеков Тұңғыш Президент күні Қызылорда қаласының үстінен өткен Сырдария өзенінің бетінде мұздың толық қатпағанына қарамастан орта мектептің төменгі сыныбында оқитын оқушылардың үлкендердің бақылауынан тыс жүргенін байқаған. Көпқабатты үйдің құрылысын жүргізіп жүрген құрылысшы дер кезінде «112» нөміріне шұғыл байланысып, хабар берген.
Түскен дабыл бойынша Суда құтқару қызметі стансасының үш құтқарушысы автотехника арқылы дер кезінде оқиға орын алған жерге жетіп, мұз бетінде ойнап жүрген төрт оқушыны мұзда құтқару тәсілдерін қолдану арқылы жиекке шығарып, мектептегі тәрбие жетекшілеріне табыстаған.
9 желтоқсан күні «Құрылысшы М» ЖШС құрылысшысы Бағдат Жүнісбеков Суда құтқару стансасына шақырылып, жеке құрам алдында Қызылорда қаласы ТЖД бастығы өртке қарсы қызмет полковнигі С.Өмірзақов төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюға қосқан елеулі үлесі үшін алғыс хатымен марапаттады.