Facebook VK WhatsApp Instagram

Қоғам

0

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА БАЙҚОҢЫР ҚАЛАСЫН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ


Жиында тұрғын үй құрылысы, газдандыру, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін жаңғырту, жолдар мен тұрғын үйлерді жөндеу, ұзақ мерзімді даму бағдарламасы аясында қала тұрғындарына жайлы жағдай жасау мәселелері талқыланды.
Байқоңыр қаласын дамыту мәселелеріне арналған жиынға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Нұрлан Тілешев, Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қызметкерлері, облыстық және аудандық мәслихаттың депутаттары, Байқоңыр қаласы, Төретам мен Ақай елдімекендерінің қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері мен кәсіпкерлері, мемлекеттік органдардың және қаржы институттарының басшылары, «Роскосмос» және «ЦЭНКИ» мемлекеттік корпорациялары бөлімшелерінің басшылары қатысты.
Қармақшы ауданына іссапары барысында аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев Байқоңыр қаласының бірқатар әлеуметтік нысандарын, атап айтқанда, құрылысы жүріп жатқан көпқабатты үйлер, газдандырылған әлеуметтік нысандар, Қазақстан азаматтары үшін медициналық ұйымдар мен демалыс орнының жұмысымен танысты.
«Мемлекет басшыларының тапсырмасын орындау барысында ғарыш айлағын және Байқоңыр қаласының дамуын қамтамасыз ету үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Соның бірі «Бәйтерек» бірлескен зымыран кешенін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Байқоңырға үшінші елдің инвестициясын тарту мақсатында Қазақстан, Ресей және Біріккен Араб Әмірліктері «Союз» ғарыш орталығын жаңғырту арқылы №1 алаңда ғарыш зымыран кешенін құру мәселесін шешу үшін бірлескен жұмыс тобын құрды», - деді кездесуді ашқан аймақ басшысы.
«Байқоңырды дамытудың өзекті мәселелерін шешу үшін бекітілген Ұзақ мерзімді даму бағдарламасының аясында тұрғын үй құрылысы, газдандыру, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін жаңғырту, жолдар мен тұрғын үйлерді жөндеу, тұрғындар үшін жайлы жағдай жасау жобаларын жүзеге асырылуда. Бүгін біз жоспарларымыз қалай жүзеге асырылып жатқанын, үкіметаралық комиссияның алдағы кездесуінде қандай мәселелерді қарастыратынымызды талқылау үшін жиналдық », - деді облыс әкімі.
Байқоңырда ұзақ мерзімді бағдарламаны іске асыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын, дегенмен, қала бюджеті барлық мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін жеткіліксіз екенін аймақ басшысы атап өтті. Ресей Федерациясына қарасты деген қаланың заңнамалық ерекше мәртебесі әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік бермейді.
«Байқоңыр Қызылорда облысының әкімшілік-аумақтық бірлігі болмағандықтан, қаланың даму шығындары облыстық бюджеттің негізгі шығындарына кірмейді. Бұл мәселенің маңыздылығын ескере отырып, жергілікті бюджеттен айрықша жағдайларда біз тұрғын үй құрылысын дамытуға, сондай-ақ, қаланың су және кәріз желілерін жаңғырту мен қайта құрудың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге қаржы бөлдік. Қаланы дамыту үшін республикалық бюджеттен қаражат та бір рет бөлінеді», - деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, Байқоңырдың үздіксіз дамуы үшін тұрақты қаржыландыру қажет. Сол себепті, қаланы абаттандыруды қаржыландырудың негізгі көздерін анықтау қажеттігін облыс басшысы атап өтті.
Осыған орай, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына Қаржы, Ұлттық экономика, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен Байқоңыр қаласының дамуын қаржыландыру үшін бөлек бюджеттік бағдарлама құру және ҚР-ның бюджетіне әлеуметтік-экономикалық салада ғарыш айлағын жалға алу үшін жыл сайын Ресей Федерациясынан төленетін қаражаттың бөлігін Байқоңыр қаласының, Төретам мен Ақай елді мекендерінің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін бөліп беру мәселесі бойынша жұмыс жүргізу тапсырылды.
«Төретам мен Ақайдың дамуын қамтамасыз ету арқылы біз Байқоңыр қаласын дамытамыз, себебі, келешекте бұл елді мекендер қаланың шағын аудандарына айналады», - деді аймақ басшысы.
Еске салайық, ағымдағы жылдың шілде айындағы іссапар барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Мамин Д.О. Рогозинмен ресейлік және қазақстандық тараптардың қаланы дамытуды қаржыландыру мәселесін нақтылау қажеттігі туралы мәселені көтерген болатын.
«Байқоңыр» ғарыш айлағында бірлескен ғарыштық жобаларды жүзеге асыру туралы Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Данбаев сөз сөйледі. Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың басшылары Байқоңыр қаласын абаттандыру, оның тұрғындарын жұмыспен қамту және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Еске салайық, бірлескен «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей жобасы 2022 жылы жүзеге асырылады, қазіргі таңда қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, Байқоңыр кешенінде медицина туралы келісімге өзгертулер енгізу, жер учаскелерін бизнес-жобаларды іске асыру үшін жалға беру және Төретам және Ақай елдімекендерін дамыту мәселелері бойынша хаттамаларға қол қойылды. Айта кетейік, қала әкімшілігі «Роскосмос» корпорациясының қолдауымен қала аумағын абаттандыру, жолдарды жөндеу, тұрғын үйлерді газдандыру жұмыстарын бастады. Өз кезегінде облыс әкімдігі Үкіметтің қолдауымен 5 көп пәтерлі үйдің құрылысын бастады, су құбыры мен кәріз жүйесін коммуналдық меншікке қабылдап, оларды жетілдіруге байланысты техника-экономикалық негіздемелерін дайындап, қазақстандық мектептер мен емханаларды көгілдір отынмен жабдықтады. Сондай-ақ, осыған дейін Байқоңырдағы 5 мектеп бітірушілері ҰБТ-ны тапсыруда қиындықтар орын алмауы үшін қазақстандық білім беру стандартына көшкен болатын.
Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімі Қармақшы ауданының әкімдігіне облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен бірлесіп, Төретам және Ақай елдімекендерін, нақтырақ айтсақ, инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй құрылысын дамытуға, жолдарды жөндеуге, электрмен жабдықтауға, газдандыруға т.б. дамыту шараларына арналған Жол картасын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту мен жобаларды іске асыруды қолдау жөніндегі шараларды қарастыру жүктелді.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: