Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына аудандардың шығармашылық ұжымдарының концерттері және мерекелік іс-шаралар өткізілуде.
Әрбір аудан мерейтойға өз сый-тартуын ұсынуда. Қармақшылықтар да айшықты мерекеге орай, жаңғыртылған Келменбет батыр саябағының ашылуы мен Қармақшы ауданы шығармашылық ұжымдарының мерекелік концертін ұсынды. Саябақ аумағы демеушілер көмегімен абаттандырылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, шамдары жаңартылып, брусчатка төселді және бордюрлер қойылып, орындықтар орнатылды.
Сонымен қатар, 1 қараша күні А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде ауданның шығармашылық ұжымдарының "Алты Алаштың бесігін жырға бөле, Қармақшым!" атты концерті өтті. Онда қазақтың халық әндері, ұлттық билері, әлемдік классикалық музыканың озық үлгілері орындалды.
Бұған дейін қалада Жалағаш, Арал, Қазалы, Шиелі және Жаңақорған аудандарының күндері өтті. Қаламыздың 200 жылдық мерейтойына тарту ретінде "Жалағаш-жырдың мекені" көрмесі ұйымдастырылып, "Арал тартуы" мен "Жалаңтөс бахадүр" аллеялары, "Еңбек аллеясы" және "Қорқыт Ата" ескертіші жаңғыртылды.