Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

ТАСБӨГЕТ немесе су тоспасымен тамырлас тарих


Жыл басынан бері Есіл мен Сырдың жағасындағы Тәуелсіздіктің тірегі – Астананың 20 жылдық және алғашқы астана – Қызылорданың 200 жылдық мерейтойларын ел болып атап өтіп жатырмыз. Осындай тарихи кезеңде Қызылорданың іргесіне қоныс тепкен Тасбөгет кентінің құрылғанына да 70 жыл толды.
Тасбөгет кентінің тарихы Сырдария өзеніне салынған су тоспасынан басталды. КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі мен ВКП(б) Орталық Комитеті оңтүстік облыстардағы елдің тұрмысын жақсартып, ауыл шаруашылығын өрістету мақсатында 1940 жылғы 16 сәуірде қаулы қабылдап, алып құрылыстың басталуына негіз қалады. Бірақ соғыс басталған соң қаржы мен жұмыс қолы жетіспегендіктен, құрылысты аяқтау кейінге шегерілді. Бұл су тоспасының маңыздылығына мән берген басшылық 1943 жылғы 11 қазанда «Сырдария өзеніндегі Қызылорда плотинасының құрылысын қайта қолға алу туралы» қаулы шығарып, 1945 жылғы 8 сәуірде құрылыс қайта жанданды. Оны салуға облыс пен аудандардан 17 мыңға жуық адам қатысты. Тоспаны салушылардың жанкештілігі турасында ел ішінде аңызға бергісіз әңгімелер әлі күнге дейін айтылады. Сол дәуірде Орталық Азиядағы алып құрылыс саналған Қызылорда плотинасынан 1956 жылдың маусым айында алғаш рет су жіберілді.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы 1948 жылғы 16 наурызда құрылыс салуға қатысып жатқан жұмысшылардың ірге тепкен мекенінде Тасбөгет поселкелік кеңесін құру туралы жарлық қабылдады. Жарлыққа сәйкес Қызылорда об­лыстық кеңесі атқару комитеті 1948 жылғы 9 шілдеде шешім қабылдады. Осы шешіммен ұйымдастыру бюросының төрағасы мен хатшысы белгіленді. Штат бірлігі бекітіліп, сол аумақтағы толық емес орта мектеп, жұмысшы жастардың кешкі мектебі, бөбекжай мен ба­лабақша, дәрігерлік пункт пен фельдшерлік пункт кеңес қарамағына берілді.
Сыр елінің ақ күріштің отанына айналуы осы Қызылорда плотинасын салынуынан бастау алды. Сырдария арнасындағы су реттеліп, өзен бойындағы игерілмей жатқан жер егіс алқабы ретінде пайдаланылды. Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарды. Плотина салынбай тұрып, 1945 жылы облыстағы барлық егіс көлемі 67,2 мың гектар, оның ішінде тек 21,4 мың гектары ғана күріш алқабы болса, 1987 жылы облыс шаруашылықтарында егіс көлемі 243 мың гектарға, оның ішінде күріш дақылы 90 мың гектарға жетті. Мемлекетке 382 мың тонна астық тапсырылса, оның 347 мың тоннасы күріш болды.
Тасбөгет 1958 жылғы 28 қаңтарында Сырдария ауданының орталығы болды. 1963 жылдың басында Сырдария ауданы Тереңөзек ауданына қосылып, аудан Тасбөгет поселкесінен Тереңөзекке көшірілді. Арада 4 жыл өткен соң, яғни 1967 жылы 4 қаңтарда Сырдария ауданы қайта құрылып, орталығы бұрынғы Тасбөгет поселкесі болды. Содан отыз жылдан кейін 1997 жылғы маусым айындағы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысымен Сырдария ауданы таратылып, Тасбөгет кенті Қызылорда қаласының әкімшілік-аумақтық бағынысына берілді.
Қазір Тасбөгет Қызылорда қаласына қарасты кент және ауылдық округтердің ең ірісі, облыс орталығының оңтүстігінде 3 мың гектардай аумаққа орналасқан. Кейінгі жылдары кент тұрғындарының саны еселеп өсіп, «Сабалақ» саяжайлары мен «Иіркөл» елді мекенін қоса есептегенде 30 мыңға жуықтады. Аумағына 4 орта мектеп пен бір дарынды балаларға арналған мектеп-интернат, 8 балабақша, № 4 емхана, облыстық балалар ауруханасы, облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің І-корпусы, отызға тарта мекеме, 610 кәсіпкерлік нысаны бар.
Халық санының өсуіне орай Тасбөгеттің де іргесі кеңейіп келеді. Қазір көше саны 53-ке жетті. Даму жоспарында белгіленгендей, көше­лерді жөндеу мен иженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту облыс және қала әкімдерінің қолдауымен жүзеге асып келеді. Жаңа қонысқа көшелер салынып, бұрынғылары жөндеуден өткізілуде. Былтырғы жылдың өзінде 9 көше күрделі, 3 көше орташа жөндеуден өткізілсе, 5 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Кент тұрғындарының 90 проценті ауыз сумен қамтылған. Бұл көрсеткішті толық­тыру үшін биыл ұзындығы 12 шақырым болатын ауыз су желісінің құрылысын салу қолға алынды. Құрылыс аяқталған кезде ауыз су мәселесі толық шешімін табады. Оған қоса «Сабалақ» саяжай 17 шақырым ауыз су желісін салуға бюджет қаржысы бөлінді. Қазір кент тұрғындары толықтай табиғи газды тұтынып отыр.
Кентте кәсіпкерлікпен айналысатындар саны жыл өткен сайын артып келеді. Екі ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде жүзге тарта адам мал шаруашылығын өрістетуге жұмыс істеп жатыр. Мұндағы 4 орта мектепте 4774 бала білім алуда. Сондай-ақ 2 мемлекеттік және 6 жеке балабақша бар.
Қазір Тасбөгет кентін одан әрі дамытудың, өркендетудің нақты жоспары жасалған. Жыл өткен сайын көркейіп, халқының саны өсіп, адам­дардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалған қала типтес елді мекен мерейлі мерекесін осындай табыстарды тоғыстыра отырып қарсы алуда. Жаңа Астана мен алғашқы астананың алқалы тойымен орайлас келген мерекелік жыл Тасбөгеттің жаңа тарихына бастау болары сөзсіз.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: