Ұлттық руханият пен мәдениеттің өркендеу жолында өзіндік орны бар дүниелердің бірі – мүсіндеме өнері мен ескерткіштер. Олар қашанда тарихымыз бен мәдениетіміздің құнды жәдігерлері ретінде күні бүгінге дейін өз маңыздылығын жойған емес. Себебі, ол әрбір елдің өткенінен сыр шертер халықтың ұлттық құндылығы ғана емес, өткені мен бүгінін саралауға мүмкіндік береді. Ескерткіш мұралары – көне тарихтың куәсі деуіміз де сондықтан.
Жалпы, біз әңгімелеп отырған дүниелердің тарихы тереңнен бастау алады. Алғашқы қауым кезінде жауынгерлерді, балалы аналарды бейнелейтін тас мүсіндер кеңінен тараған. Ал, кейінірек бұл өнері түрі түрлене, жаңғыра түсіп, ел қорғаған ерлерді, шаршы топта қара қылды қақ жара төрелігін айтқан би-шешендердің ескерткішін орнату жолға қойыла бастады. Бұл игі бастама біздің өңірде де жарқын көрініс тапты.
Бүгінгі күні қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты 60-тан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар. «Мәдени мұра» өңірлік бағдарламасына сәйкес Қызылорда қаласының 190 жылдығына орай даңқты қолбасшы Жалаңтөс Баһадүрдің зор тұлғалық болмысын айшықтай түсу мақсатында ескерткіш орнатылды. Бес-алты жылдай бұрын Сыр Сүлейлері, Абай аллеялары және қазақ халқының даңқты қолбасшысы – Бұхарбай батырдың 200 жылдық мерейтойына арналған мәдени нысан бой көтерді. Былтыр ғана Алаш қозғалысына 100 жыл толуына орай ашылған көрнекті тұлға Мұстафа Шоқай ескерткішінің де шоқтығы биік. Олардың қай-қайсысын алып қарасаң да аймақтың өткенінен тағылымды сыр шертіп, оны өскелең ұрпақ санасына сіңіруде аса маңыздылыққа ие болып отыр. Мәселен, «Сыр сүлейлері» аллеясының қақ ортасында ескерткіш орнатылған. Онда қобыз бен домбыра бейнесіне қосақталған қалам мен найза бейнеленген. Ал, жыраулар кезінде ел қорғаған баһадүр жандардың жігерін жанып, қайратына қайрат қосып, елдің тыныштығы мен бірлігін сақтауға күш салды. Оның қос қанатында Сыр өңірі мен осы өлкедегі байырғы астаналар жайлы құнды деректер жазылған. Күй атасы – Қорқыт пен қазақ ауыз әдебиетінің жанрлары туралы, «жыршы», «сүлей» ұғымдарына түсінік берілген. Қысқасы, аллеяны аралап шықсаңыз, аймақтың айшықты мәдениеті жайында мардымды мағлұмат алуға әбден болады.
Ал, қала келбетін ашып, екінші жағынан тарихи тұлғаларымызды ұлықтау, жәдігерлер қатарын толықтыра түсу мақсатында жасалған осындай туындыларды тиісті деңгейде қамқорлыққа алу басты назарда. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар да жүйелі жалғасын тауып келеді. Олардың бастамасы ретінде 2011 жылы облыс орталығында орналасқан республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші «Айтбай» мешітіне қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдық нысанға да облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары мен абаттандыру шаралары жүргізілді. Қорқыт Ата кітабының 1300 жылдығына арналған кемеңгер тұлғаның ескерткіштері де мемлекет қамқорлығын айрықша сезінді. Бұдан өзге де мәдени-тарихи нысандарды тиісті мекемелер тарапынан қорғауға алу міндеттемелері жүктелген.
– Бұрынғыдай емес, қазір ескерткіш, мүсіндерге қолдау, қорғауға ерекше басымдық беріліп келеді. Елбасының тікелей бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасының аймақтық бағдарламасын жасау, оны қаржыландыру, қажетті мерзімде қайта жаңғырту сынды игілікті бастамаларға облыстық мәдениет басқармасы ықпал етіп отыр. Өзге шет аймақтарды, кішігірім аудандарды қоспағанда қаланың өзінде Ә.Тәжібаев бюсті, Жанқожа батырдың 240 жылдық мерейтойына арналған ескерткіш сынды барлығы 5-6 нысанға авторлық жұмыс жасадым. Бүгінде осындай тұрақты қамқорлық шаралары арқасында олардың барлығы дерлік өз қалып-деңгейін сақтап тұр, – дейді өңірдің ғана емес, еліміздің бейнелеу және мүсін өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Аманкелді Кененбаев.
Иә, әсіресе, мәдениет – рухани үлкен демеуді, ерекше қолдауды қажет ететін сала. Осы бағытта дүние жүзінде халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні 1984 жылдан бері сәуір айының 18-інде аталып өтіледі. Бүгінде әлем бойынша 750-ге тарта тарихи құндылық ЮНЕСКО тізіміне енгізілген. Бұдан қай ел болмасын тарихи құнды жәдігерлерге баса көңіл бөліп, әрдайым назарда ұстайтындығын байқаймыз.
Олай болса, ұмытылмас есімдер мен тарихи оқиғаларды жаңғыртатын еңселі ескерткіштер қатарын толықтыра отырып, оларды насихаттау, көздің қарашығындай қорғау – әрбір жанашыр азаматтың парызы екенін ұмытпаған абзал.