Қызылорда қаласы әкімдігінде қала әкіміның орынбасары Шахмардан Баймановтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өткізілді. Мәжілістің күн тәртібінде сыбайлас жемқорлық мәселесі талқыланды.
Жиында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев хабарлама жасады. Жүргізілген әлеуметтік зерттеу қорытындыларына сәйкес Қазақстанның 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын орындаудың бірінші кезеңі шараларын әлеуметтік қолдау өскен.
– Жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс, соның ішінде мемлекеттік органдардар ұжымдарының, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігі аясында кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті, – деді Б.Байхожаев.
Сондай-ақ, мәжілісте хабарлама жасаған Ақсуат ауылдық округінің әкімі Мәмбетәлі Ақмырзаев Ж.Маханбетов ауылында осы бағытта атқарылған жұмыстар барысын таразылады.
Мәжіліс соңында бірқатар нақты тапсырмалар берген қала әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов сыбайлас жемқорлықтың салдарымен емес, себебімен күресіп, оның алдын алу шараларына баса назар аудару керегіне тоқталды.