Өткен ғасырдың 70-80 жылдарында Қызылорда қаласында сан алуан өрелі өзгерістер болды. Қызылорда тоғызыншы бесжылдыққа аяқ басты. Бұл кездегі үлкен жетістіктің бірі – облыс орталығында Ғани Мұратбаев атындағы стадионның салынуы. Стадионның салынуына облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Х.Бектұрғанов үлкен еңбек сіңірді.
Х.Бектұрғанов спортқа жанкүйер болды, оған қолдау жасады. Жергілікті футбол клубы «Мелиораторға» (қазіргі «Қайсар») жаттықтырушы етіп қазақтың тұңғыш атақты кәсіби футболшысы Темір Санжарұлы Сегізбаевты шақырды. 1971 жылғы ел біріншілігінде «Мелиоратор» 6-орынға шықты. Ол – жергілікт клубтың жоғары жетістігінің бірі. Осы уақытта футболшы Әбіл Қалымбетовтың атағы ерекше шықты.
1972 жылы облыс басшылығында өзгерістер болып, Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне Исатай Әбдікәрімов келді.
Бұл жылдардағы басты мақсат – облыс орталығынан тоқылмайтын маталар фабрикасын ашу, күріш шаруашылығы машиналарын жасау және жоспарланған электр бұйымдары тауарларының құрал-жабдықтарын шығару, қаражат көздеріне қол жеткізу, арнайы маман жұмысшыларымен қамтамасыз ету болатын.
1972 жылы қыркүйек айында Қызылорда республикалық күріш-ғылыми зерттеу институты ашылып, оның алғашқы директоры Әшім Ыбыраев тағайындалды. 1976 жылы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институты Қызылорда филиалының және 1977 жылы Қызылорда музыкалық училищесінің ашылуы елеулі мәдени оқиға болды.
1975 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті мен республика үкіметі теңіздің тартылуына байланысты арнаулы қаулы қабылдады. Осы қаулы бойынша Сырдариядан су тарту үшін 24 қуатты насос берілді. Кеме жөндеу зауыты жаңа кәсіпке бейімделіп, Қызылордадан балық өсіретін су қоймасы салынды.