Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

"...ТУҒАН СЕНЕН МЕН БАЛАҢ..."


Сылқым дарияны сағалай созылып жатқан Сыр өлкесінің осынау атырапты байтақ даласына қарап, мұндағы кеңпейіл халықтың дарқан көңілі көзге елестейді. Әрбір жұмыр жерімізді тұлпар тұяғымен дүбірлеткен бабалар рухы кернеп жатқаны анық.
Иә, бұл топырақ – көмейіне бұлбұл ұя салған жезтаңдай әншілер мен елдің мұңын жоқтаған ақындарды, ел қорғаған батырларды мәпелеген алтын бесік. Атағы әлемге мәшһүр болған талай тарландар мен таланттар да осы қасиетті мекенде дүниеге келді. Сыр бойы бүкіл алашқа мәлім дүлдүл ақын-шайырлар, туралықты кесіп айтқан билер ордасы ғана емес, ахун мен ишан, молда мен мақсым атанған оқымысты-ғұламалардың елі. Саясат, өнер, білім мен ғы­лым са­ласында биік деңгейден көрінген сырбойылық пер­зенттердің Орта Азия ғана емес, бүкіл Шығыс мәдениетінде алар орны бөлек. Олардың арасында қазақтың өз алдына дербес ел ретінде құрылуына, мәдениетін дамытуға үлкен еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткерлері, ағартушы күрескерлер бар. «Мың өліп, мың тірілген» арда қазақ елі, соның ішінде Сыр бойы халқы батырлардан ешқашан кенде болмаған. Ата қонысты жоңғар, құба-қалмақ, Хиуа, Қоқан хандықтарының, Бұқар әмірлігінің, Ресей империясының басқыншылығынан қорғаған Жалаңтөс баһадүр, Жанқожа, Бұқарбай, Келмембет бастаған жүректі ерлер осы қасиетті топырақта өніп-өскен. Шашасына шаң жұқтырмаған жүйрік міңген бабалар рухы бүгінде қарға тамырлы бүкіл қазақтың қанында атойлап тұрғаны анық.
"Білем сені, сүйем сені Сыр сұлуы қарт анам..." деп жырлаған ақын Әбділда Тәжібаев дегенде Қызылорда ойға оралады. Алаш қозғалысының бас идеологы Мұстафа Шоқай, өнерлілер династиясынан шыққан ағайынды Қожықовтар, тіл білімі саласында ғылыми тұжырымдамасымен ойып тұрып орын алған Әуелбек Қоңыратбаев, ел есінде қағытпа қалжыңдарымен есте қалған драматург Қалтай Мұхамеджанов есімі де шырайлы шаһарды тағы бір еске түсіреді. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілінің бірі Асқар Тоқмағамбетов, төрткүл дүниенің 34 тіліне тәржімаланған "Қан мен тер" трилогиясының авторы Әбдіжәміл Нұрпейісов, күллі қазаққа Иран-ғайып есімімен танылған Иранбек Оразбаев сынды қайраткерлер Сыр өнерінің белгілі өкілдері. "Сырға барсаң, жыршымын деме" дегендей бір Тұрмағамбет жыраудың өзі күллі ұлт руханиятының алтын бастауындай маңызға ие. Мұрасы әлі күнге дейін ұрпақ тәрбиесінде таптырмас тағылым шыңы болып келеді. Одан кейін де табиғат-Ана Сыр топырағында талай парасатты перзентті жер-бесікте құндақтап өсірді. Небәрі 23 жыл ғана өмір сүрсе де, күллі Шығыс жастарының жарық жұлдызына айналған Ғани Мұратбаев сынды ерлердің ерен еңбегі бүгінде ұлт шежіресінде тарих болып хатталды
Ал, белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай «Қазақ өнерінің ақ желкені» деп теңеген Сәбира Майқанованың бұл саладағы өлшеусіз еңбегі қазақ өнерінде бүгінге дейін ұлықталып келеді. Әртістің ұлттық және әлемдік классикада орындаған рөлдері бүгінде ұлттық сахна өнерінің алтын қорына енді. Рухты таланты мен биік азаматтық болмысымен «Театрдың анасы» атанған аса көрнекті актриса айналасына ізет-ілтипатымен, бауырмалдығымен әріптестерінің де, халқының да сүйіспеншілігіне бөлене білді. Қазақ ән өнері туралы сөз бола қалса, әсіресе кешегі өткен Роза Бағланова, халқы "Ақбаян" деп еркелеткен Мәдина Ералиева, Батырхан Шөкеновтердің есімі ерекше аталатыны сөзсіз. Өздері өмірден өтсе де, алтын қорға жазылған олардың өзгелерге ұқсамайтын ерекше дауысы әлі күнге дейін тыңдарманның жүрек түкпірінде сақтаулы қалды. Өнер – мәңгілік деген осы болар, бәлкім. Сондай дарынды аға-апаларының жолын қуып, өшпес өнерді бойға дарытып, бүгінде көрерменнің көзайымына, ыстық қошеметіне ие болып жүрген Бақтияр Тайлақбаев, Гүлнұр Оразымбетова, Мәдина Сәдуақасова, Алмас Кішкенбаев, Серік Ибрагимов сынды орта және жас буын өкілдері де осы киелі топырақтан тәбәрік алып өскен жандар. Туған жердің атын шығарып, мәртебесін асқақтатып жүрген олардың өзі де қызылордалық екенін мақтаныш тұтатындарын әрдайым айтып жүреді.
Біз әңгімелеп отырған тізімдер қатарында Марат Сатыбалдиев, Илья Ильин, Александр Зайчиков, Элизабета Тұрсынбаева сынды спорт саңлақтары да бар. Сонау 1989 жылдардың өзінде таңсық спорттан топ жарған Марат Сатыбалдиев Қызылорда түгілі Қазақстанда тұралап тұрған айналма велотректен әлем чемпионы атанды.
Мінекей, дариямен тамырлас тарихы бар Сырдың атын шығарып, мерейін үстем еткен біршама тұлғалардың атын айтып, түсін түстегенмен, қалам ұшына ілінбей, аталмай қалғаны қаншама? Саусақпен санап, бәрін бірдей парақ бетіне тізбелей түсіру мүмкін емес. Өте көп... Иә, біз тұрған мекен осындай бақ пен дәулет қонған жер. "Топырағына тартқан" деген аталы сөз осыдан қалса керек, сірә.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: