Қызылорда қаласының әкімі Н.Нәлібаевтың қатысуымен еліміздің ең Ұлы мерекесі 16-желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шара өтті.А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық Мәдениет үйінде өткен салтанатты шарада қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы қызылордалықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Қала әкімі ел егемендігінің арқасында өңірдің жеткен жетістіктері мен толайым табыстар, ауқымды жұмыстар туралы атап өтті.
Әсіресе, соңғы 5 жылдың өзінде Қызылорда қаласынд 1 млн. 500 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілсе, биылғы жылдың ең үлкен жетістігі Қызылорда қаласының бас жоспарына сәйкес Сырдария өзенінің сол жағалауында бой көтерген жаңа қаланың алғашқы нысандарның құрылыс аяқталды.
Нұрлыбек Машбекұлы өз баяндамасында: "Бұның барлығы егемен ел атанған тәуелсіздігіміздің, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған кемел саясатының арқасы. Әйтпесе осы әлемде ұлтарақтай жері жоқ, ұйытып ұстар ері жоқ, бір сәт бейбіт күні жоқ босып жүрген қаншама ел бар.
Сол себепті бостандық пен еркіндіктің, азаттық пен тәуелсіздіктің құны мен қадірі қашанда жоғары. Ал оны сақтап тұрудың маңызы оданда жоғары. Біздің еліміз тәуелсіздік алған 27 жылдан бері бейбіт уақытта, тыныш заманда, тұрақты даму жолында өмір сүріп келеді"- деді.
Ұлы мерекеге арнайы ұйымдастырылған салтанатты шара барысында еңбегімен еленген 5 азамат Мемлекет басшысының Жарлығымен "Астананың 20 жылдығы" мерекелік медалімен, 30 адам "Қызылорда қаласының 200 жылдығы" медалімен марапатталса, 20 азаматқа Қызылорда облысы әкімінің және 11 азаматқа қала әкімінің "Алғыс" хаттары табысталды.
Салатанатты шара марапаттау рәсімінен кейін қала өнерпаздарының дайындаған мерекелік концертіне ұласты.
Елбасы "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласында: "Біз қазақ елі қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын - «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын шығару қажет" деген болатын. Тәуелсіздік күніне арналған концерт толығымен осы мазмұнда дайындалды.
Себебі, ежелден жырдың елі саналатын - Сыр өңірінде Қорқыт атадан бастау алған баба мұрасының сазды әуені саф алтындай сақталған.
«Сырлы саз» халықтық фольклорлық ансамблінің орындауымен басталған шығармалар желісі әрі қарай жыр-термелер, ұлттық күйлер және хор ұжымымен «Біржан – Сара» операсынан үзінді орындалды. Тәуелсіздік мерекесінің құрметіне ұйымдастырылған концерттік шара көпшіліктің көңілінен шығып, қала тұрғындары жергілікті өнерпаздарға зор қошеметтерін көрсетті.