Бүгін, 15 желтоқсанда Тәуелсіздік күніне орай Қызылорда облысы ішкі істер департаментіне 49 дана «УАЗ» маркалы автокөлік табысталды. Шараға аймақ басшысы Қ.Көшербаев қатысып, сала қызметкерлерін Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Айта кетейік, қазан айында жергілікті бюджет есебінен 50 дана «УАЗ-31519» шассиіндегі арнайы патрульдік автокөліктер, 36 дана автокөліктегі транкингтік радиостанциялар және 50 дана бейнетіркеуіштер берілген болатын. Бүгін қосымша тағы да 49 дана автокөлік берілді.
Салтанатты шара барысында аймақ басшысы кез келген аймақтың даму деңгейі оның қоғамдық тәртібінің тұрақтылығымен және азаматтардың құқығын қамтамасыз етуімен анықталатынын айтты. Қоғамдық тәртіпті сақтауда, қылмыспен күресте полиция қызметкерлерінің аянбай еңбек етіп жүргенін көрсетіп, бүгінгі қолдау олардың халық алдындағы міндеттерін еш кедергісіз, адал орындауларына оң әсерін тигізетініне сенім білдірді.