Мамандар Қызылордадағы ауыз су сапасы жөнінде айтып берді
Қызылорда қаласына беріліп жатқан ауыз су барлық санитарлық талаптардан өтеді. Сонымен қатар, су жүйелерінің 19 нүктесінен айына 1 рет сынамалар алынып, ауыз су сапасына химиялық және бактериологиялық сараптамалар жасалады.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында «Қызылорда су жүйесі» МҚК-ның директоры Марат Жамиев мәлімдеді.
«Ауыз су сапасына әрдайым «қалалық тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасымен» бірге тексеру жұмыстары жүргізіледі. Соңғы 3 айда 14 арыз-шағым түсті . Шағымдар ауыз су сапасы бойынша «Арай 2» , « Арай 3» мөлтек аудандарынан. Авариялық бригаданың айтуынша, ауыз су қысымы көтерілуінен құбырдың табанында шөгіп жатқан топырақ, құм қалдықтары ауыз суды ластаған. Мекеме тарапынан бұл мәселелені шешу үшін жұмыстар жасалып, ауыз су жүйелеріне залалсыздандыру жүргізілді»,-деді Марат Шахматұлы.
Мұнан өзге, қала тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін тәулігіне 44,7 текше метр су өндіріледі. Биыл наурыздың бірінен бастап суды таратушы желілер арқылы беру, сарқынды суды бұру және тазарту қызметтерінің тарифі өзгереді.