Коронавирус жұқпалы індеті елімізде таралуына байланысты емханалар мен дәріханаларда қорғаныш бетперде тапшылығы кездесіп жатыр. Бетперденің (масканың) тапшылығын алдын алу мақсатында Сырдария ауданы Шаған ауылында жас кәсіпкер,"Сима" тігін ательесінің иесі Сымбат Әнуарова бетперде тігуде. Бұл жөнінде «Тіршілік тынысы» газеті жазды.
Жас кәсіпкер күніне 50-ден аса бетпердені тігіп, аудан орталығындағы аурухана қызметкерлеріне ұсынуда. Тігіншінің айтуынша, бір бетпердені тігу үшін 10-15 минут уақыт жеткілікті.
Бұл ретте аудандық Жастар ресурстық орталығының мамандары фейсбук әлеуметтік желісі арқылы #ҚолданБетпердеТігуден челенджін ұйымдастырып, бетперде тігу барысын көпшілікке көрсетті.
Аталған эстафетаны ауданға қарасты кент және ауылдық округі әкімдеріне, Сырдария аграрлы-техникалық колледжіне жалғастыру үшін жолдады.
Қазіргі таңда Қызылорда облысында #ҚолданБетпердеТігейік челенджі жүзеге асырылуда. Оған жергілікті тұрғындар тарапынан үлкен қолдау жасалып отыр. Осылайша елдің арасында тігін өнерімен айналысатын адамдар медициналық бетперде тігуге белсена атсалыса бастады.