Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Қамыс – экономикалық әлеуеті жоғары табиғи ресурс

Кейінгі жылдары Сыр өңірінде ауыл шаруашылығы бойынша экспорт көлемі артып келеді. Оның ішінде Еуропаның бірқатар мемлекеттерінен қамысқа сұраныс ерекше байқалып отыр. Сол арқылы жергілікті кәсіпкерлер қаншама адамды жұмыспен қамтып, мол табысқа кенеле бастады. 



Экспорт көлемі артып келеді

Қамысты экспортқа шығару жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, 2020 жылы 122 тонна шабылған және кептірілген қамыстың алғашқы партиясы Еуропаға жіберілген. Ол 2021 жылы 900 тоннаға дейін жетті. Қазіргі уақытта шетелге шығып жатқан өнім сол шамалас.
Кейінгі жылдары Сыр өңірінің ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс артып отыр. Биыл 1 шілдедегі мәлімет бойынша 36,9 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортқа шығарылған. Оның ішінде күріш, балық өнімдері, қамыс, күріш қалдығы бар. 
— Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, экспорт көлемі 118,3 пайызға жетті. Жалпы құны — 20 млн доллар, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.
Сондай-ақ биыл нидерландтық инвестор Сулейман Каракая Жалағаш ауданында болып қайтты. Аудан әкімдігінде өткен кездесу барысында Жалағаш ауданынан қамыс орумен айналысатын кәсіпорын ашу мәселесі талқыланды. Нәтижесінде Жалағаш ауданы бойынша 1 млрд теңгеге қамыс сатып алуға келісім жасалды. 
Бұл өсімдік еліміздің барлық өңірінде кездеседі. Десе де, ол Сырдария бойынан жиі байқалады. Екі ғасырдан астам уақыт бұрын іргетасы қаланған қазіргі Қызылорданың алғашқы атауы Қамысқала деп жазылуының өзі бекер болмаса керек-ті. Негізінен бұрынғы жылдары қамыс малдың жейтін шөбі ретінде пайдаланылып келеді.

Шетелде сұраныс жоғары

Бүгінгі кезеңде оны шетелге экспортқа шығарып, мол пайдаға кенеліп жатқандар бар. Қызылорда облысы Қазалы ауданында тұратын Райысбек Аяпбергенов пен Венера Тайлақбаева үш жылдай бұрын тың кәсіпті қолға алды. Облыс аумағында өзен жағасында табиғи жолмен өсіп тұрған қамысты шетелге сатып, көп-көрім пайдаға кенелді.
— Еуропаның кейбір мемлекеттерінде қамысты үйдің шатырын жабуға пайдаланатынын білдік. Осы мақсатта ол жақтағы азаматтармен іскерлік байланыс орнаттық. Ол жақтағылар біздің жерде өсіп тұрған қамысты жоғары бағалап, оған бірден тапсырыс беруге ниет білдірді. Осылайша алғашқы келісімге келіп, оны шетелге шығаруға мүмкіндік алдық. Қамысты ең алдымен Нидерландқа жөнелттік. Уақыт өте келе тұтынушылар саны арта бастады. Қазір оны Германия, Дания, Франция мемлекеттеріне экспортқа шығару ісі жолға қойылды. Шетелдік азаматтар қамыспен жабылған баспананың қыста жылы болатынын айтады. Ал жазда үй іші салқын болады. Ол екінші жағынан үйдің әдемі болуына оң әсерін тигізеді. Бір маусымда 60-70 жүк көлігіне дейін қамыс жөнелтеміз. Негізі Қызылорда облысында үйдің төбесін қамыспен жабу бұрыннан бар, — дейді қазалылық кәсіпкер Венера Тайлақбаева. 
Оның айтуынша, қамыс негізінен қысқы мезгілде орылады. Жаз мезгілінде оларды жолға дайындайды. Арнайы буып, көлікке артуға әзірлейді. 
— Рас, жұмыс оңай емес. Жасыратыны жоқ, көп адам аз уақыт жұмыс жасап, кетіп қалып жатады. Әдетте Қызылорда облысында жазда өте ыстық болатыны белгілі. Мұндай сәтте жұмыс істеу қиынға соғады. Ал қысты қамыс орудың нағыз қызған шағы деп бағалауға болады. Бұл уақытта жұмыс қолы жетісе бермейді. Тіпті, бұл кезеңде 200-300 адамға дейін еңбекпен қамти аламыз. Жолдасым қамысты жинаумен айналысса, мен оны өткізуге көңіл бөлемін, — дейді В.Тайлақбаева әңгімесін толықтырып. 
Мәлімет көздерінде айтылғандай, суда өсетін қамыс ағашқа қарағанда ылғалға өте төзімді келеді. Ол шамамен 48 пайызға дейін жетеді. Осындай қасиеттерін бағалаған сұранысқа жоғары. Дегенмен қамыстың кез келген түрі жарамайтын болғандықтан ол сапасына қарай сұрыпталады.
Бұған қоса, қамыстан биоотын өндіру – еліміздің энергия ресурстарын әртараптандыруға бағытталған «жасыл экономика» саясатына сәйкес келеді. Қамыс брикеттері көмір мен газға балама ретінде ауылдық жерлерде жылу көзі бола алады. Бұл бір жағынан отын тапшылығын шешуге көмектессе, екінші жағынан табиғи газға жүктемені азайтып, ауаға зиянды қалдықтар шығаруды төмендетеді.
Егер өңірлік деңгейде қамысты жинау, өңдеу және өнім шығару бойынша шағын өндіріс орындары ашылса, бұл қосымша жұмыс орындарын құрып, ауылдық жерлердің экономикасына серпін берер еді. Мұндай кәсіпорындар қамысты өңдеумен қатар, логистика, сақтау, сатылым және қызмет көрсету салаларында да жаңа нарықтар қалыптастырады. Сонымен қатар, қамыс өнімдерін ішкі нарықпен шектелмей, экспортқа шығару мүмкіндігі де бар. Қытай, Түркия, Еуропа елдерінде табиғи материалдарға деген сұраныс жоғары.
Қамыс – дұрыс басқарылған жағдайда экологиялық та, экономикалық та пайда әкелетін ресурс. Табиғат берген бұл байлықты өрттің көзі ретінде емес, өңірлік дамудың бір бағыты ретінде қарастыратын уақыт келді. Қамысты қадеге жарату арқылы біз бір мезетте табиғатты қорғаймыз, экономиканы әртараптандырамыз және халықтың әл-ауқатын арттыруға үлес қосамыз.

Кәдеге жарата алмай отырмыз

Жер шарында кеңінен таралған қамыс тек Арктика мен Антарктидада ғана кездеспейді. Әлемнің қалған бөлігінде жиі көзге ұшырасады. Елімізде ол негізінен жерасты суы жерге жақын жатқан аймақтарда өседі. Қамыс құмды, сортаң жерлерде көрініс береді. Оның кәдімгі қамыс және құрақ түрінде кездесетін екі түрі бар.
— Сыр өңірінің табиғаты қатал. Бұл жерде кез келген өсімдік түрлері бойын тіктеп кете алмайтыны белгілі. Ал қамыс жағдай талғай бермейді. Судың жағасында өсетін қамыс негізінен вегетативті жолмен көбейеді. Облыс аумағында өзеннің сағасы мен көлдер жүйесінде көбірек өседі. Арықтардың бойында байқалады. Жергілікті шаруалар оны сиыр, жылқы секілді түлік түрлеріне азық ретінде орып алады. Сондай-ақ тұрғындар оны әлі де үйдің төбесін жабуға пайдаланады. Оған қоса ондатр, саз құндызы секілді кеміргіштер де оны азық қылады. Химиялық жолмен одан шайыр, метил спирті, сірке қышқылы, қағаз алынады. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының орта шенінде облыста одан қағаз шығаруға байланысты ұсыныс болған еді. Дегенмен ол өндіріс жолға қойылған жоқ. Тек сөз жүзінде қалып қойды. Қамысқа байланысты жергілікті шаруалар кезігетін проблемалар жоқ емес, — дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда уаниверситетінің оқытушысы, география ғылымдарының кандидаты Оразхан Айдаров. 
Ғалымның айтуынша, қамыс қалың тоғай болып өсіп кетсе, суармалы егістік дақылдарына зиян келтіреді. Жергілікті шаруалар оны тазалау үшін түрлі әдістер қолданады. Егістік алқабын қамыстан тазалау үшін шабу, өртеу жұмыстары атқарылады.
Қамыстың жер астындағы тамырын қазақ тілінде борық деп атайды. Борық - суда өсетін қамыс тәрізді өсімдіктің тамыры мен сабағының арасындағы шырынды, тәтті болып келетін сабағының түп жақ бөлігі. Қамыстың осы бөлігінен қант өндіруге болады екен. Қазірде қамыс қантын Үндістанда жасай бастапты. Еуропаға бұл қант орта ғасырларда жетіп, ХІ-ХІІ ғасырларда әлемдік танымалдыққа ие болыпты. Қазірде әлемде өндірілетін қанттың 60 пайызы қамыс қанты, ал, 40 пайызы қызылша қанты екен. Қызылшаға қарағанда қамыс қантының пайдалы қасиеттері әлдеқайда көп көрінеді. Себебі, қоңыр қант клетчатка, микроэлементтер мен жүйке жүйесін реттейтін В дәруменіне бай. Қамыс қантындағы калий ағзадағы артық сұйықтықты шығаруға көмектеседі. Қамыстан алынған қант түрінің құрамындағы кальций сүйектерді берік қылады. Қамыс қантындағы мырыш жалпы ағзаға пайдалы.
Нағыз кәсіп пен табыстың көзі. Қамысы мен қызылшасы молынан жететін елімізде қант тапшылығы бар дегенге сенудің өзі қиын. Қазіргі кезде қамыстан тоқылған стол, орындықтар, бас киімдер, қолға ұстайтын сөмкелер, түрлі ыдыс өнімдері, түрлі бұйымдар саудаға шығарылуда. Шет мемлекеттерінің де қамысқа деген сұранысы жоғары. Қамыстың бағалылығы, беріктігі, ылғалға төзімділігі, өңдеуге жеңілдігі мен экологиялық жағынан таза материал екені белгілі.
Ел аумағында өндірілетін және құрылыста қолданылып жүрген материалдардың дені тығыздалған ағаш, қамыс жоңқалы тақталар шығару  жылдар бойы жете мән бермей келе жатқан қамысқа деген сұраныс мемлекет тарапынан қолға алыну керек. Қамыс көгіне сиыр, жылқы, қой ұстап сүт, қымыз, ет секілді арзан мал өнімдерін өндіруге және қамыс пішенін орып - жинап, жем - шөп қорын жасауға немесе баулап базарға сатуға да болады. Үйдің жылуын сақтап тұратын қамыспен үйдің төбесін жауып қана қоймай, қабырғаларын тұрғызуға да пайдаланған.  Ол - жылу ұстағыш таптырмас құрылыс материалы. Қамыс сабақтарын буып бау-бақша қоршауын да жасаған.
Қамыстың игілігін біздің елде біле бермейді. Осы өнімді өзге елде аттай қалап алдырады екен. Бұл өнім Германияда ағаш үйлердің шатырына тоқыма себет жасауға пайдаланады. Сулы жерде өсетін бұл өсімдікті су  қатқаннан кейін шауып, оны баулап, ықтырма тоқиды. Өсімдік өзіне қажетті оттегін сабағына сақтайды да «үнемдеп» пайдаланады. Осы қасиетіне байланысты қамыстың тамыры тереңге кетсе де, тіршілігін жоймайды.
Қамыс - құрылыс материалы ғана емес, азық - түлік, өңделген мал азығы, қағаз өнеркәсібі, отын ретінде қолдануға болатын және шығынсыз өсірілетін ерекше өсімдік.
Қамыс – жылдам өсетін, экологиялық жағынан қауіпсіз әрі арзан шикізат көзі. Оны құрылыс материалдарына (пресс-қамыс панельдері, шатыр жабындылары), биоотынға, жиһаз өндірісіне және мал азығы ретінде қолдануға болады. Еуропа елдерінде қамыс негізінде жылу оқшаулағыш тақталар мен экосылақтар кеңінен қолданылады. Бұл өнімдер бүгінде табиғи әрі энергияны үнемдейтін құрылыс трендтеріне сай келеді.
Ғалым елімізде қамысты әлі де кәдеге жарата алмай жүргенімізді айтады. Осындай селқостық салдарынан Қазақстандағы қамыстың 70-80 пайызы орылмай қалады. Ен далада еркін өсіп тұрған аталған өсімдікті тиімді пайдалана алсақ едәуір кіріс кіргізе алатын түріміз бар.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: