Қармақшы ауданы Төретам кентіндегі «Ali» сауда үйінің иесі Бану Иманзадаева «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде 5,5 миллион теңге көлемінде несие алып, ойыншық сататын дүкенін одан әрі кеңейтеді.
Былтыр желтоқсан айында бой көтерген нысанда кәсіп иесінің ойыншықтар дүкенінен бөлек 15 дүңгіршекті жалға беріп отыр. Мұнда сән салоны, фотосалон, киім-кешек, ет, жеміс-жидек пен кітаптар әлемі бар. Ал жеке кәсіпкер Бану бұдан да биік белестерді бағындырғысы келеді.
– Несібе – еңбек еткенде. Бар күшімді жиып, кәсібімді одан әрі дамытқым келді. Арманым орындалып, қазір сауда үйіміз халыққа қызмет көрсетуде. Кәсібімді одан әрі дамытамын. Кентте әзірге жоқ балалар ойын-сауық орталығын ашу жоспарда бар, – дейді жеке кәсіпкер.