Қызылордалық кәсіпкер ет өнімдерін өндірумен айналысады
Еттен жасалған жартылай фабрикаттар тұтынушылар арасында танымал. Дайындалуға санаулы минут кететін мұндай тағамдар «толыққанды» ыстық тағамдардың тамаша баламасы. Қызылорда облысында тұратын кәсіпкер Алменов Айдос Үсенұлы отбасымен бірге 2008 жылы ет сатумен айналыса бастады. Саудаа жүрген кезінде халық арасында жартылай фабрикаттарға сұраныс мол екендігін байқап, осы кәсіппен түбегейлі айналысу туралы шешім қабылдады. Сөйтіп шағын цех ашып, түшпара, тартылған ет, тефтель, фрикадель, котлет секілді өзге де жартылай фабрикаттар шығара бастады. 2017 жылы кәсіпкер жинаған қаражатына жаңа цех ғимаратының құрылысын бастады. 2019 жылы цех құрылысын аяқтауға қосымша қаржы қажет болған кезде ол «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Қызылорда аймақтық филиалына жүгінген. Құжаттар толық жиналған соң «Сбербанк» АҚ ЕБ Қызылорда филиалы арқылы несие алып, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында мөлшерлемесін субсидиялады. Сондай-ақ, несие сомасының 50%-ына «Даму» қоры кепілдік берді. Нәтижесінде, кәсіпкер жылына 6%-бен жеңіл несие алды.