29 наурызда облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ә.Әбдіқайымованың инфекцияның таралуының алдын алуға бағытталған қаулысы шықты. Қаулыда көрсетілген кәсіпкерлерге қажетті ақпаратты назарларыңызға ұсынамыз. «Қызылорда қаласының автовокзалы мен бей-берекетсіз ашылған автотұрақтар арқылы облысаралық, қалааралық, ауданаралық автобустар, микроавтобустар, таксилер т.б. автокөліктермен жолаушылар тасымалдау жұмыстары арнайы ескертпеге дейін 30.03.2020 жылғы сағат 00.00-ден бастап тоқтатылсын.
Облыс орталығындағы саябақтар, сауналар мен массаж бөлмелері, бильярд бөлмелері, компьютер бөлмелері, интернет-клубтар, ойын бөлмелері, боулинг орталықтары, букмекерлер, лото, спорттық кешендер (үйірмелер, секциялар), футбол алаңдары, балалардың даму орталықтары және басқа да халық көп шоғырланған нысандардың жұмыстары арнайы ескертпеге дейін 30.03.2020 жылғы сағат 00.00-ден бастап тоқтатылсын.
Автокөлік, киім-кешек, мал базарлары, тойханалар, той салондары, банкет залдары және үй жағдайында өткізілетін барлық мерекелік, дәстүрлік (өзге ұлттардың ата-аналар күні, құран оқыту т.б.) іс-шаралар жұмыстары арнайы ескертпеге дейін 30.03.2020 жылғы сағат 00.00-ден бастап тоқтатылсын.
Санитариялық және дезинфекциялық шараларды күшейте отырып, супермаркеттер мен азық-түлік базарлары сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін, азық-түлік минимаркеттер, дүкендер сағат 09.00-ден 21.00-ге дейін, халыққа қызмет көрсету саласындағы нысандар (сұлулық салондар, ательелер, химиялық тазартқыштар, автомобиль майларын ауыстыру, вулканизация, көлік жуу бойынша қызмет көрсету орындары, ломбарттар) сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін, сонымен қатар автокөлік және оның бөлшектерін, тұрмыстық-техника, сантехника сататын дүкендер, құрылыс базарлары т.б. азық-түлік емес заттар сататын оырндардың жұмыстары сағат 11.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істеуге шектеу қойылсын», – делінген қаулыда.