Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылында мемлекет қамқорлығынан қолдау тауып, хоббиін кәсіпке айналдырып, оны кеңейткендер де аз емес. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының бірінші бағытына сәйкес төрт азамат оқуын бітірген. Ал екінші бағыт бойынша 19 азамат 25 млн 92 мың 500 теңге несие алып, несібесін молайтты. Бұдан бөлек, «Қызылорда өңірлік инвестициялар орталығы», «Ауыл шаруашылық қаржылай қолдау қоры» тәрізді ұйымдардан жобаларын қаржыландырғандар да біршама.
– Алдыңғы жылы ауданда бағдарламаны пайдаланып, кәсіпкер атанған жандардың саны жағынан көш бастадық. Былтырғы жетістігіміз де көңіл қуантарлықтай. Жаңа бизнес идеяларын ұсынып, «Мен осындай нысан ашқым келеді» деген жанның қолтығынан демеп, жобасын бірге дайындап жүрміз. Өйткені, кәсіпкерліктің маңызы жоғары. Бір кәсіпкер артық тіркелсе, салық түсіміміз де артады, жұмыссыздық көрсеткішіміз де кемиді. Ал жұмысы бар, табысы тұрақты жанның қоғамдық саяси ахуалға да оң әсерін тигізетінін жақсы білесіз. Түптеп келгенде, өңір экономикасын дамытудың маңызды тетігі жергілікті кәсіпкерлерді қолдаудан тұратынын ойдан шығармауымыз керек, – дейді ауыл әкімі Бақытжан Рахымбеков бізбен әңгімесінде.
Бүгінде елді мекенде 148 кәсіпкерлік нысаны болса, оның 142-сі тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл санның 89-ы жеке кәсіпкер, 38-і шаруа қожалық, 10-ы жауапкершілігі шектеулі серіктестік болса, қалған 7-еуі ауылшаруашылық өндірістік кооперативі. Ал осы кәсіпкерлердің 10 процентінің жылдық айналымы 2 млн теңгеден асады.