Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Жүрегімнің түбіне терең бойла

Облыстағы іргелі оқу орнының бірі – М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінде «Nur Otan» партиясы «Жібек жолы» бастауыш партия ұйымымен бірлесіп, «Жүрегімнің түбіне терең бойла» тақырыбында әдеби-танымдық кеш өтті.
Шарада ұлы ақынның өнегелі өмірінен мағлұмат беріліп, шығармаларына шолу жасалды. Бала Абай, бозбала Абай, дана Абай өмірінен деректі көріністер қойылып, колледж түлектері ақынның өлеңдерін, қара сөздерін жатқа оқыды. Бүгінгі заман тұрғысынан ізденген талантты жастар ақын өлеңдерінің қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі аудармасын да әдемі жеткізді. Жас өнерпаздар Абайдың “Желсіз түнде жарық ай”, “Көзімнің қарасы” әндерін орындап, көрерменге көңілді күй сыйлады. Айта кетейік, кешті ұйымдастырып, өткізуде колледждің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Гүлмира Жақыпованың еңбегі ерекше.
Шараға облыстық оқу орталығы, техникалық және кәсіптік білім бөлімінің басшысы Бағдәулет Дүрманов, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы, шығыстанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Қосанов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ғазиза Әбілда, облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Эльзира Сағитжанова, дін мәселелерін зерттеу орталығының дінтанушысы Бахтияр Оспанов, «Ұстаз мәртебесі» газетінің тілшісі, қалалық жастар мәслихатының депутаты Айдар Сайлауов, сондай-ақ, «Жібек жолы» бастауыш партия ұйымының өкілдері қатысты.
Кеш қонақтары ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты мазмұнды ойларын ортаға салып, ақын болмысын ашатын тартымды да тағылымды деректерден сөз қозғады. Иә, сол ХІХ ғасырдың өзінде Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов сынды халық ағартушылары Абайдың шығармашылығын биік бағалап, болашақта ақын есімі ардақталып, рухани мұрасының терең насихатталатынына шүбәсіз сенген болатын. Бүгінгі таңда сол тұлғалардың көрегендігіне көзіміз жетіп отыр. Расында, ұлы ойшыл Абайдың жалпы дүниетанымы, адами құндылықтарға негізделген ой-толғамдары жаһандық көзқарас қалыптаса бастаған бүгінгі кезеңнің өзінде ұлттық мәдениетіміздің айнымас үлгісіндей көрінеді.
Кеш соңында колледж директоры Бақыт Кенбаев шараның мазмұнды өтуіне атсалысқан азаматтарға, оқу орнының түлектеріне алғысын білдірді.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: