Құрметті қызылордалықтар! Сіздерді 9 мамыр мемлекеттік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Ұлы Жеңіс – аға ұрпақтың ерлігін мәңгілік ел есінде сақтауға арналған ең қастерлі мереке.
Сіздер сұрапыл соғыстың соқпағынан өтіп, Отан деп от пен суға түсіп, кең байтақ жерді қорғадыңыздар. Батырларымыздың бейбіт күн үшін жасаған өлшеусіз ерліктері мәңгі ұмытылмайды. Бұл мереке – бүкіл соғысқа қатысушылар және тыл еңбеккерлерінің қажымас қайраты мен қайсар рухының жеңісі.
Майдан даласында 150 мың сырбойылық азаматтар қайсарлықтың үлгісін көрсетті. Өкінішке орай, олардың 30 мыңнан астамы елге оралмады. Десекте, облыстан 22 Кеңес Одағының Батыры, 1 Даңқ орденінің толық кавалері шығып, 20 мыңнан астам қызылордалық жауынгер орден, медальдармен марапатталды.
Осынау қасиетті мереке күні біз өз өмірлерін құрбандыққа шалып, шейіт болған ерлердің рухы алдында бас иеміз!
Сондай-ақ «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен жұмыс жасаған тылдағы азаматтардың еңбегі мәңгі есімізде.
Жыл өткен сайын соғыс ардагерлерінің қатары сиреп барады. Бұл біздің жүрегімізді шымырлатса да, сұм соғыстың салқыны алыстай бермек.
Мерекеге орай, өңіріміздегі 16 соғыс ардагеріне 1 млн. 111 мың теңгеден төленуде.
Сондай-ақ, 4 319 Ұлы Отан cоғысының ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға біржолғы материалдық көмек көрсетуге 437 млн.теңге бөлінді.
Қарт жауынгерлерімізді ардақтау бағытындағы жұмыстарымыз жалғаса бермек.
Қадірлі соғыс және тыл ардагерлері!
Бүгінгі өскелең ұрпақты береке-бірлікке, тату-тәтті тірлікке тәрбиелеу ісіне белсенді ат салысып ортамызда аман-есен жүре беріңіздер. Біз «Ешкім де ешқашан да ұмытылмайды», - деген ұранды ұстанған елміз.
Сіздерге зор денсаулық, мол бақыт, отбастарыңызға амандық тілеймін!
Еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Ұлы Жеңістің 75 жылдығы құтты болсын!
Біз Біргеміз!
Құрметпен, Қызылорда облысының әкімі
Г.Н. Әбдіқалықова