Жылқы десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ. Төрт түліктің төресі деп, басқа малдан артық көретініміз тағы анық. Қазір ауылдарда шағын несие алып, оншақты жылқының басын құрап отырған азаматтар көбейіп келеді. Бұл өте қуанышты жағдай. Қазақ қайтадан атқа қонады. Қазақтың рухы оянады.
Жылқы өсіруді қолға алған азаматтардың бірі Қазалы ауданына қарасты Әйтеке би ауылында тұратын Ғанибек Махамбетов.
Ол Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Қызылорда филиалынан 3 млн теңге несие рәсімдеп, оған 9 бас байтал сатып алған. Алдағы уақытта бие сауып, қымыз ашытып, саумал сұрағандарға да өнімін ұсына алатын кәсіпкер болуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында мал шаруашылығымен айналысамын дейтіндерге 6,5 жылға 6 процентпен 4 млн теңгеге дейін несие береді. Бір жылға дейінгі жеңілдік мерзімі де бар.