Құрылғанына 20
уақыт болған Жалағаштағы тарихи-өлкетану музейінде 7 мыңға жуық экспонат бар екен. Егер сіз хронологиялық ретпен қойылған экспонаттарға үңіле қарап, іштей түйсініп көрсеңіз, үнсіз, сілтідей тынған тұтастай тарих бір-бірлеп сөйлеп қоя берер еді. Іші кең, ауқымды мұндай залда Жалағаш жеріндегі миллиондаған жылдан бергі (археозой эрасы мен мезозой дәуірінің бор кезеңінен) геологиялық тарихынан бастап, бүгінгі уақытқа дейін шежіреден сыр шертер, ата-баба қолынан шыққан қолөнер бұйымдары, түрлі дәуір оқиғаларының куәсі болған құнды құжаттар тұр. Сыр бойына белгілі би-батырлардың тұтынған заттары, берірек келсеңіз, кеңес заманы мен Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы жалағаштықтар жеткен жетістіктер… Жергілікті халық арасынан шыққан, қалың қазаққа белгілі Бұхарбай мен Сәрке батырдың, тұңғыш генерал Нұрілда Әлмағанбетов, Москваның Қызыл алаңындағы Жеңіс шеруіне қатысқан Ілияс Қарақұлов пен Болтай Тасыбаев, ҚР ҚК әскери-теңіз күштерінің тұңғыш кеме командирі Болат Алтынбаев сияқты ардақтылардың аңызға татитын ерлік істері… Мәдениет пен түрлі шаруашылықтың тасын өрге домалатқан қайраткерлердің дүниесі… Көзбен көріп, көңілмен ұғынсақ, бұның бүгінгі ұрпаққа зор тәрбие екені даусыз нәрсе ғой.
Қош. Тақырыпқа ойыссақ. Аудандық музей қорында бірнеше домбыра сақтаулы тұр екен. Солардың ішінде Жамбыл Жабаев пен оның немересі Әлімқұлдың тұтынған домбырасы да бар екеніне Нұрсұлтанға еріп келген менің көзім анық жетті. Жамбыл Жабаевты бар қазақ таниды. Ал жоғарыда айтылған немересі Әлімқұл жайлы бұрынғы буын білсе де, бүгінгі жастарға ол есім бейтаныс.
Әлімқұл Тоққұлыұлы Жамбылов 1927 жылы қазіргі Алматы облысы Жамбыл ауданында дүниеге келген. Бала кезінен Жамбыл атасының тәлім-тәрбиесін көріп өседі. Өз замандастары Манап Көкенов, Надежда Лушникова, тағы да басқа айтыскер, ақын-жыраулармен сөз додасына түскен тұлға. Атасы Жамбыл мен қазақтың басқа да ақын-жырауларына арнап көптеген толғаулар жазған Қазақстанның халық ақыны. Тектінің ұрпағы жарты ғасырдан астам мәдениет саласында еңбек етіп, 2015 жылы өмірден озды. Қысқаша айтсақ, осы ғана. Айтпақшы, мұндай құнды дүние Жалағаш топырағына қалай келген? Осы сұрағымызға орай әріптесім екеумізге музейдің ғылыми қызметкері Марат Шөмекей жыр алыбы тұтынған жәдігердің сырын толықтай айтып берді.
– Бұл домбыраны Әлімқұл Жамбылов ғалым, фольклортанушы, жерлесіміз Мардан Байділдаевқа 1982 жылы Қармақшы ауданында ұйымдастырылған республикалық айтыста сыйға тартыпты. Домбыраны музей қорына Мардан Байділдаевтің қызы Жанат 2006 жылы өткізген. Аталған домбыраны кезінде ақын-жырау Жамбылдың өзі ұстаған көрінеді. Атасы тартқан домбыра шанағынан басқа бөліктерінің барлығын немересі Әлімқұл қайта жөндеп, қалпына келтірген, – дейді Марат Шөмекей.
Қасиет қонған домбыраны қолға абайлап алып, ұстап көрдік. Жыр алыбы аспабының шанағы қатты ағаштан тұтас шабылған сияқты. Музей қызметкерінің айтуынша, музыкалық аспап жетісулық үлгіде жасалған. Шанағы ұзын, бесбұрышты, мойынтұғыр жағы сүйірлеу, түйметұғыр жағы төртбұрышты, екі бүйірі түйметұғыр тұсынан бастап жоғарыға қарай сәл кеңейіп, мойынтұғырына қарай қайта тарыла түскен. Мойны жіңішке әрі ұзын. Арқасы үшкірлі әрі дөңес. Шанағының беті қарағаймен, ал қапсырма беті жұқа тақтайшамен жабылыпты. Дыбыс ойығы адам шынашағының ұшы сиярлықтай ғана. Құлақ тесіктері қос шектің ара қашықтығына ыңғайланып, сәл ғана қиғаштау орналасыпты. Құлақтары мен түйметұғырығы ағаштан жасалған.
Міне, музейдің басты құндылығының бірі болған Жамбыл бабамыздың домбырасы Жалағаш жеріне осылай жеткен. Ұлттың ұлы мұрасын ұлықтаған Сыр бойына бұл ұлттық аспаптың орны тым ерекше.
Е.Бексырзаұлы.