Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысымен жүзеге асырылатын «Аймақта мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру» мемлекеттік әлеуметтік жобасы аясында «Туған жер» қоғамдық қозғалысы» қауымдастығы 2020 жылдың маусым айында мекемелердегі мемлекеттік тіл оқытушылары арасында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы облыстық байқау өткізеді. Байқаудың мақсаты:
- Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік еңбектерін зерделеу арқылы оның әдіс-тәсілдерін жаңғырту;
- ересектерге мемлекеттік тілді инновациялық әдістемемен оқытатын шығармашыл оқытушыларды анықтау, қолдау, марапаттау;
- оқытушылардың кәсіби-педагогикалық шығармашылығын шыңдау және мемлекеттік тілді оқыту үдерісін ілгерілету, оқытушылардың өзара тәжірибе алмасуы;
- қазақ тілін меңгертудің озық үлгісіндегі педагогикалық тәжірибелерді тарату.
Байқауға 23-40 жас аралығындағы мемлекеттік тіл оқытушылары қатысады.
Облыстық байқау үш кезеңнен тұрады:
Бірінші кезең - қатысушылар өздерінің электрондық портфолиясымен таныстырады. Уақыты - 3 минуттан аспауы тиіс;
Екінші кезең - тест тапсыру кезеңі. Қатысушылар Ахмет Байтұрсынұлының өмірі, қызметі мен шығармашылығы, әдістеме мәселелері қамтылған тест тапсырмаларын орындайды. Уақыты – 5 минут;
Үшінші кезең – оқытушылар қазақ тілінің деңгейлері бойынша сабақ үлгісін көрсетеді. Уақыты – 10 минуттан аспауы қажет.
Конкурсқа қатысушылардың жұмысын бағалау және жеңімпаздарды анықтау үшін қазылар алқасы құрылады. Қазылар алқасының құрамы білікті педагог-әдіскерлерден тұрады. Қазылар алқасының шешімі хаттама түрінде ресімделіп, қазылар алқасының барлық мүшелері қол қояды.
Облыстық байқауға қатысу үшін өтінімдер 2020 жылдың 22 маусымынан кешіктірілмей kztilbas@mail.ru, tugan.zher@mail.ru электронды пошталарына жолдануы тиіс.
Байқау жеңімпаздары басқарманың дипломдары мен алғыс хаттары және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Жеңімпаз болып танылған талапкердің материалдары республикалық кезеңге қатысуға жолданатын болады.
Ескерту: Байқау еліміздегі карантиндік жағдайға байланысты санитарлық талаптарды сақтай отырып, ұйымдастырылатын болады.
Байланыс телефоны: 8 (7242) 60-53-15, 8-775-779-97-36, 8-776-878-57-77