Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Жамбыл ақынның Нартайға тартуы


Биыл есімі Сыр еліне ғана емес, дүйім елге тараған айтулы өнер иесі, әнші-ақын, композитор Нартай Бекежановтың туғанына – 130 жыл.
Қазақтың әншілік, ақындық өнерінің даңқын шығарған тума талант Шиелі ауданында дүниеге келген.
Шығыс поэзиясының небір үлгілерін таңдытаңға ұрып жырлайтын Нартай ақын әнді он екі тілді татар сырнайына салып айтқан. Ауылда колхозшы, бірде мұрап, бірде бригадир болып жұмыс істеген ақын өлеңдерінде ізгілік пен мейірімге шақырған. 1934 жылы Алматыда өткен қазақтың үш жүзге жуық таңдаулы ақын, әнші-күйші, жыршы-жыраулары жиылған халық өнерпаздарының бірінші слетіне қатысқаннан кейін есімі шартарапқа жайылады. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігіне де қатысады. Осы жолы онкүндікті жыр алыбы Жамбыл ашыпты. Ал 1949 жылы Мәскеуде өткен екінші онкүндіктің шымылдығын ашу үшін Ілияс Омаровтың ұсынысымен Нартайға тоқтапты.
Жыр алыбы – Жамбыл ақынның нар тұлғалы Нартайға деген ықыласы ерекше болды. «О, Нартай, Шешен таңдай, Қасқа маңдай, Аузыңнан шыққан сөзің шекер балдай» деп өзіне де, өнеріне де үлкен құрмет білдірген. 1939 жылы Жамбыл Нартайға домбыраның жақтауына «Бекежанов» деп жаздырып, естелікке сыйға тартқан. Қос алыптың есімдерімен байланысты ұлттық аспап қазір Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы. Қазақтың екі алыбының саусағының ізі қалған домбыраны музей қорына 1974 жылы Шиелі ауданы Бәйгеқұм ауылының тұрғыны Әлайдар Ембергенов табыстапты.
Сырдың саңлақ ұлына деген құрметі де ерекше. Бүгінде облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры Нартай Бекежановтың есімімен аталса, туған жері де оның құрметіне Нартай ауылы деп аталады..

Гүлжанар ОРАЗАЛИЕВА,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: