Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Дөңес бидің әділдігі

Қасиетті Қазалы өңірінің тумасы Ақанжан Келімбетовтың есімі көпшілікке ақын, өлке тарихын, ауыз әдебиетін зерттеуші, жергілікті халық ақындарының шығармаларын жинақтаушы ретінде жақсы таныс. Марқұм А.Келімбетов сонымен бірге ел ішіндегі тілінен бал тамған ділмарлардың шешендік сөздерін де жиып-теруді естен шығармаған.
Біз бүгін ұлттық қазынамыздың шынайы жанашыры атанған абзал азаматтың белгілі би-шешендер туралы қалдырған әңгімесін оқырмандар назарына ұсынғалы отырмыз.
Он тоғызыншы ғасырдың соңғы жылдары Қазалы уезінің Шөмекей елінде қайтыс болған бір игі жақсы адамның асын беруге белгілі Бақа би Әлім-Шөменге сауын айтып, хабар салады. Межелі күн таялғанда Әлім жағы әрі ағасы, әрі басшысы Жақайым Жетес биді ортасына алып жолға шығады. Жол үстінде олар бес-алты аттыдан бөлініп, қазақы әдетпен өнегелі әңгіме айтып, кішісі оны қоштап, бәрі де құлақ түріп келе жатады.
Солардың бір тобының ортасында – Жетес би. Оның оң жағында – Матай Үмбет би, сол жағында – батыр тұқымы Құлбарақтың Сердалысы, Ырзағасы болыс және қызылды-жасылды киініп алған, жаңадан болған жас болыс Боташ бірде жолдан шығып, бірде қапталдасып, барлығы межелі жерге жетуге асығулы.
Бұл дүрмектен қамшы тастам алда, Дөңес би бастаған шайыр Қарасақал Ерімбет, Нұрқожа би, Кәкібай және Насын болыс келе жатты. Ағасы Дөңесті көріп, көңілі толмады ма, әлде жастық қайрат шыдатпай, мені байқасын деді ме, өзінің кимелеп кететін әдетімен Боташ болыс сөз арасында:
– Жетеке, біздің Дөңес ағаның үсті жұпынылау ғой, өзінің жүні де жығылыңқы ма, қалай? – деді топ ішіндегілерге есіттіре.
Сонда Жетес би:
– «Адамның иегіне қарама, сүйегіне қара», – деген.
Дөңестің шекпенін көрме,
Халқына қызмет еткенін көр.
Ағаңды барарында сынама,
Қайтарында сына,
Ойының қанша жерге жеткенін көр, – деп астан қайтарда не боларын біліп тұрғандай тақпақтап, Боташқа бір қарады да, үзілген әңгімесін әрі қарай жалғай түсті.
Асқа келген қонақтарды Бақа би бастаған елдің игі жақсы-жайсаңдары алдынан шығып қарсы алып, арнайы дайындалған ақбоз үйлерге түсірді. Таң ертемен ат айдаушылар бәйгеге қосылатын жүзден аса жүйріктерді айдап кетті. Ат келгенше балуан күресіп, ақындар айтысып, мергендер алтын қабақ атысып, ығы-жығы халық мәре-сәре. Бір кездері: «Бәйге аттарының шаңы шықты, келіп қалды», – деген хабар естіліп, көпшілік у да-шу болды да қалды.
Үйдегілер түзге шығып қараса, қарақшы маңы шапан аттың шаңдатқан тозаңынан көрінер емес. Адамы қайсы, аты қайсы, озғаны мен қалғаны қайсы, біліп болмайды. «Менің атым озды», «Біздікі алдымен келді», – дегендер баршылық. Даурыққан айқай көбейді. Осы кезде жиналған халық тұрған биік төбенің басына күрең жорғамен көсілте Бақа би шығып, жамиғатқа қарап бар дауысымен саңқылдап:
– Халайық, асқа жиналған ағайын! Әлім-Шөмен бірге туған ел едік. Бәйгеге жүзден астам ат қосылды. Бірақ жарыс тәртібінде шатақ болды. Аттарды жақыннан қайтарған. Бәйге аттары қарақшыға шоғырланып, қатар келді. Жеке-дара бөлек ат жоқ. Бұның арты дау-дамайға ұласып, ұятқа қалмас үшін екі ел өздерінің қалаған екі адамын ортаға шығарсын. Әлімнен шығатын адамды Шөмен жағы атын атап шақырсын, Шөменнің адамының атын Әлім атайтын болсын. Біз осы халық ұйғарған азаматтардың төрелігіне тұрайық, – деп төбені айнала отырған халыққа сөзін жеткізе аяқтады.
Ас жасаған Шөмен жағынан:
– Айбосын би ұрпағынан кім бар? – деп қосарлана, жарыса шыққан дауыстар естілді. Әлімдер жағынан үстінде түгі қырылған түйе жүн шекпені бар Дөңес би шығып, биік төбенің басына беттеді. Сөйткенше Әлімдерден “Алматтың ұрпағынан кімдер бар?” деген айқай шығып, жақында ғана өткен сайлауда еліне болыс болған жап-жас жігіт Самұрат орнынан түрегеліп, төбе басындағы Дөңестің қасына барып жанасты.
Биік төбенің басында екеуінен басқа жан жоқ. Төбе басында Дөңес жерге отырды да, Самұрат қасында тапжылмай тұрды. Анда-санда Самұрат Дөңеске қарап басын иіп тұрғандай, құптағандай көрінді көпшілікке. Асқа келген халық қас қақпай тек екеуіне қарап, қимылын бағып қалған. Сәлден кейін Дөңес шекпенін қағып орнынан тұрды да, Самұратты оң жағына алып, жиналғандарға қарап сөйлеп кетті. Ұяң дауысы аңға түсер қырандай ширап, баяу басталған сөзі келе-келе қаумалаған халықтың көкейіне салмақты кесім, салиқалы ой болып жетіп жатты.
– Халайық! –деді Дөңес. – Екеуімізге сеніп, билікті беріп едіңіздер. Мен жаңа ғана Самұраттан: «Халыққа қонақ қызмет ете ме, ошақ қызмет ете ме, қонақ сөйлей ме, ошақ сөйлей ме?” – деп сұрадым. Самұрат: «Қонақ отырады, ошақ тік тұрып қызмет етеді, қонақ сөйлейді, ошақ тыңдап, айтқанын орындайды», – деді. Олай болса менің отыруымның да, сөйлеуімнің де мәнісі осылай.
Сонымен Самұрат екеуіміз он сегіз атқа бәйге беруге шешім қабылдадық. Бірінші бәйге – бүкіл қазақ халқына ортақ батыр әрі әулиеміз Жанқожаның әруағын сыйлап – Құлбарақтың Сердалысының «Қозы күрең» атына берілді. Екінші бәйге – Әлім-Шөменнің ағасы, сондықтан “Ағасын сыйламайтын іні болмайды, жолын білмейтін ел болмайды» дегендей, Нұрқожаның «Торы қасқа» атына берілді. Онан соңғы бәйге Шөмекейдің «Бурыл байталына» тиесілі. Бұдан кейінгі бәйгелер екі елдің аттарына кезек-кезек берілсін деп шештік. Халайық, осыған риза боласыңдар!
– Бәрекелді! Бәрекелді! Мінекей, әділдік, – деген осы, әйтпесе ..., – деген көпшіліктің сөзі той өтіп жатқан төбені жаңғырықтырды. Бақа би жорғасын төпеп ұрып төбенің басына шыға келіп, халықтың шуын басып:
– Төрелік әділ берілді, халық дән риза болып жатыр. Сіздің қара қылды қақ жарғандай әділ төрелік еткеніңіз үшін сыйлық, – деп Дөңес биге қамшысымен ерттеулі жорға мінгізіп, үстіне Хиуаның сырмалы шапанын кигізіп, бір буаз інгенге қалы кілем жауып, бұйдасын қолына ұстатты.
Алған сыйлығын жетелеп әкеліп, Дөңес:
– Аға баласы едіңіз, әрі жасыңыз үлкен еді, жеңешем сүтін сауып ішсін, – деп буаз інгенді Жақайым Жетес биге ұсынды.
– Алма жеңешем алмадай болып қызыл-жасылды ұнатушы еді, әрі асыл ағам едің, – деп қалы кілемді Матай-Үмбет биге ұсынды.
– Әлімнің дүлдүл шайыры едің, – деп Қарасақал Ерімбет құрдасына астындағы жорғасын түсіп берді.
– Сен ұрыншақтау өз інім едің, бастығар ма екенсің, мынаны ала ғой, – деп Боташтың қолына тобылғы сапты қамшыны ұстатты.
Дөңеске бәрі де риза болды.

Дайындаған
Сахи БАХИҰЛЫ
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: